Соңғы бес жылда елімізде қаржы пирамидасынан 90 мыңнан астам адам зардап шеккен. Бұл тек тіркелген көрсеткіш. Ал шығын көлемі – 45 миллиард теңге. Биылдың өзінде 41 ұйымның қызметі тоқтатылды. Бірақ мүлде жолын кесу әзірге мүмкін болмай отыр. Бір айта кетерлігі – алданғандар қатарында мұғалімдер мен дәрігерлер көп. Мұндай деректерді Жібек жолы телеарнасы жария етті
«Бір айда байып шығасыз», «еш әрекетсіз-ақ табыс табасыз» – дәл осы сынды ұрандарға сеніп, халық өз ақшасын алаяқтардың қолына табыстап жатыр. Мамандардың айтуынша, әсіресе белгілі вайнерлер мен блогерлердің жарнамасына сеніп, пирамида құрбанына айналғандар жетерлік.
Мысалы, «Аманат Драйв», «Сакс Инвест», «Назира Голд», «Асар баспана» сынды ұйымдардан келген шығын миллиардтаған теңгені құрайды. Жеке алғанда, «Сакс Инвест» – 1,6 млрд, «Аманат Драйв» – 1,5 млрд, «Назира Голд» – 1,2 млрд, «Асар баспана» – 1,1 млрд теңге жымқырған.
Қаржылық мониторинг агенттігінің өкілі Ернар Тайжан бұл мәселеге қатысты:
«Қылмыстық кодекстің 217-бабы 1-тармағына сәйкес, қаржы пирамидасын жарнамалағаны үшін де 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Сондықтан қоғам алдында жүрген тұлғалар кез келген жарнамалауға абай болуы тиіс,» – дейді.
Ал Мәжіліс депутаты Абзал Құспан қаржы пирамидаларын ұйымдастырушылар қатаң жауапкершілікке тартылуы керек деп санайды:
«Оны құрған адам – қылмыскер. Адамдарды алдап, ақшаларын тартып алған соң, жауаптан жалтаруға жол берілмеуі керек,» – дейді депутат.
Жаңа алаяқтық үлгісі – «қайырымдылық» кейпіндегі қылмыс
Қаржы пирамидалары аздай, соңғы кездері «қайырымдылық» деген желеумен халықтан ақша жинау арқылы пайда тапқан алаяқтар да көбейіп отыр. Соның бір мысалы – Перизат Қайрат. Ол Батыс өңірін су басқан кезде «Біз біргеміз» қорын құрып, халықтан 1,5 млрд теңге жинап, жымқырған. Бұдан бөлек, Палестинаға бағытталған гуманитарлық көмектен бөлінген 200 млн теңге қаржыны да өз қажетіне жұмсағаны белгілі болды.
Ақшаға VIP санаттағы үй мен көлік алып, қымбат сөмкелермен, брендтік заттармен әлеуметтік желілерде көзге түскен Перизаттың ісі бойынша 24 маусым күні тергеу аяқталып, сот отырысы басталуы тиіс.