Орта Шығыстағы Иран мен Израиль арасындағы ракеталық шабуылдар халықаралық қауымдастықты алаңдатып отыр. Бұл тек екі елдің арасындағы қайшылық па, әлде ауқымды соғыстың бастамасы ма? Бұл сұраққа жауап алу үшін Tiek.kz Түркия Қарулы күштерінің отставкадағы бригадалық генералы, әскери сарапшы Ючел Карауызбен сұқбаттастық.

«Бұл – соғыс емес, өзара жоспарлы ескерту алмасу»
Генералдың пікірінше, қазіргі қақтығыстар – аймақтағы соғыс басталды дегенді білдірмейді.
«Иран мен Израиль арасындағы бұл өзара шабуылдар – жақын арада өңірлік соғыс басталады дегенді білдірмейді. Өйткені соғыс – бұл әлеуметтік құбылыс ретінде алдын ала жоспарланып, өткен мен болашақты ескеріп жүргізілетін үдеріс. Бұл – ұзақ уақыт бойы Израиль тарапынан ойластырылып, жүзеге асырылып жатқан жоспарлы әрекеттер. Яғни бұл екі елдің бір-біріне жолдап жатқан саяси және әскери сигналдары ғана», – деді генерал.
Оның айтуынша, Иран мен Израиль осы күнге дейін бір-біріне ресми түрде соғыс жариялаған жоқ және бұл қақтығыс бірнеше шабуылмен шектелмейді:
«Бұл — тек бірнеше шабуылмен аяқталмайтын, басқарылатын, біртіндеп жүретін “хабар алмасу процесі”.»
Генерал Қарауыз қазіргі жағдайдың ауқымы әлдеқайда кең екенін ескертеді:
«Бұл тек екі ел арасындағы қақтығыс емес. Бұл – алдағы ірі аумақтық, мүмкін жаһандық қақтығыстың алғышарты. Орталық Азияда да жағдай осыған қарай дайындалып жатыр. Не үшін? Үшінші дүниежүзілік соғыстың жаңа майдандары қалыптасып отыр», – дейді ол.
«Қазақстан мұндай ықпалдарға өте мұқият болуға тиіс»
«Бұл тек Иран-Израиль мәселесі емес. Жаһандық қақтығысқа дайындық жүріп жатыр»
«Қазақстан — Израиль, Иран, АҚШ, Ресей, Қытай, Үндістан сынды ірі елдердің аймақтық ықпалынан сақтанып, Орталық Азия елдерінің сыртындағы геосаяси күштердің ықпалын өз мүддесіне сай таразылай білуі керек», – деді генерал.
«Түркия – Иранның тұтастығын жақтайды»
Генерал Түркияның ұстанымы туралы да пікір білдірді:
«Түркия бұл жағдайда аймақтағы шиеленістің күшеюіне, қазіргі жағдайдың өңірлік тепе-теңдікті бұзуына жол бермеуге тырысады. Түркия – Иранның аумақтық тұтастығын жақтайды және кез келген әскери әрекет халықаралық құқық аясында жүзеге асырылуы керек деп есептейді», – деді ол.
Сондай-ақ, Иранда жағдай ушығып, бөлшектену қаупі туа қалған жағдайда, бұл Түркияға да әсер етуі мүмкін екенін айтты.
«Мысалы, Иранда болашақта ішкі бөлшектену қаупі туындаса, бұл Түркияға тікелей әсер етеді. Түркия үшін көші-қон толқыны да нақты қауіп. Сондықтан Түркия бұл мәселеде өте мұқият қадамдар жасап жатыр».
«Қазіргі шабуылдар екі елдің әлсіз тұстарын көрсетті»
«Иран мен Израиль өздерін «қол жетпес, ешкім шабуылдай алмайтын» мемлекет ретінде көрсетіп келді. Алайда соңғы 2 жылдағы шабуылдар олардың әскери мүмкіндіктері өте жоғары болғанымен, қорғаныс жүйелері мінсіз емес екенін көрсетті», – деді генерал.
«Болашақ соғыстарда жасанды интеллект пен киберсоғыс шешуші рөл атқарады»
Ючел Қарауыз болашақ соғыстарға қатысты да маңызды ескерту жасады:
«Болашақтың гибридтік соғыстарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс, ұзақ қашықтықтағы баллистикалық зымырандар, 5-ші және 6-шы буын жойғыш ұшақтар, жасанды интеллект, кибершабуыл, электромагниттік соғыс негізгі факторларға айналады. Бұл технологияларға басымдық берген елдер ғана аман қалады. Қалғандары ауыр жеңіліске ұшырайды».
«Халықаралық қоғам – әлсіз. Заң – әлсіздердің емес, күштілердің қолында»
«Халықаралық қауымдастық – мүлде әлсіз. Не Ресей-Украина соғысында, не Газа мен Израиль жағдайында, ешбір дағдарыста шешуші әрекет ете алмады. Бүгінде құқық – әлсізді емес, күштілердің мүддесін қорғайтын құралға айналды. Сондықтан жағдайды ақылмен басқару – өте маңызды», – деп қорытты сөзін отставкадағы бригадалық генерал Ючел Қарауыз
Сұқбаттасқан Tiek.kz бас редакторы Бақытнұр Әлібай