Астананың ескі бөлігінде ондаған жыл тұрған отбасылардың үйі сүріліп, тұрғындар жаңа өмір бастауға мәжбүр болды. Бірақ солардың ішінде өз құқығын қорғап, лайықты баспана алған адамдар да бар. Солардың бірі – Валентина Чиклимова.
Валентина Ивановна – 1950 жылы Украинада туған. Бірақ 18 жасынан бастап Қазақстанда тұрып келеді.
1970 жылы күйеуімен бірге Астананың ескі жағынан шағын үй сатып алып, сонда тұрақтаған. Үш баласы да сол үйде дүниеге келіп, өскен. Бірақ 2004 жылы олар сүрілетін үйлердің қатарына кірді.
«Сол кезде бәрі күрт өзгерді. Жарықты, суды өшірді. Айналамызда құрылыс басталып кетті. Бізге «үйден шығасыңдар» деді. Мен күйеуімді жаңа ғана жерлеген едім. Енді үйден қуылатынымды естігенде, не істерімді білмедім», – деп еске алады Валентина Ивановна.
Оның айтуынша, құжаттар күйеуінің атына тіркелгендіктен, өз атына рәсімдеуге жарты жыл кеткен. Осы аралықта оларды сотқа да берген.
«Сол кезде мен жалғыз болсам, жеңілер едім. Бірақ «Лайықты баспана үшін» деген кампания көмектесті. Солардың арқасында өз құқығымды қорғап, жаңа баспана алуға қол жеткіздім», – дейді ол.
Бүгінде ол толықтай жабдықталған, жылы әрі жайлы үйде тұрып жатыр. Газ, су, жылу – бәрі бар. «Үйіміз сән-салтанатты емес шығар, бірақ бізге керегі – тыныш өмір. Балаларым да риза. Бастысы – баспанам бар», – дейді кейуана.
Валентина Ивановнаның толық хикаясын YouTube арнамыздан көре аласыз. Сілтеме төменде👇