Түркиялық тарихшы, Ресейдегі мұсылман халықтарының тарихын зерттеп жүрген ғалым Серкан Аджар Ресейге 2051 жылға дейін кіру құқығынан айырылды. Бұл туралы ол өзінің Facebook парақшасында хабарлады.
Ғалымның айтуынша, ол Қазан қаласында өтетін «Алтын Орда симпозиумына» қатысу үшін келген. Алайда түнде ұшып келіп, таңғы 6:30-да ұшақтан түскен бетте оны шекара қызметі тоқтатып, жеке бөлмеге алып кеткен. Онда алдын ала дайындалған құжатты көрсетіп, қол қойдырғаннан кейін, сол рейспен қайта кері қайтарып жіберген.
«Себебін сұрадым, бірақ ешкім жауап бермеді. Тек бір полиция қызметкері «безопасности» деді», – дейді ол.
Ғалым Ресей мұсылмандарының – Қырым, Қазан, татар, башқұрт халықтарының тарихын зерттейтінін айтып отыр. Оның пайымынша, бұл тақырып Ресей билігінің «буынсыз жері» саналады. Сондықтан объективті ғылыми еңбектердің өзі күдікпен қабылданады.
«өздерін «супердержава» санайтын ел ғылыммен ғана айналысатын адамды «түрік агенті» деп қабылдап, елге кіруге тыйым салуы – түсініксіз шешім. Мен бұл шешімді мойындамаймын! Түркі халықтарының тарихи құқығы туралы жазуды жалғастыра беремін», – дейді ғалым.
Сондай-ақ ол бұл оқиға туралы Түркияның Сыртқы істер министрлігіне хабарлайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, тыйым салу жөніндегі ресми құжат Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ – бұрынғы КГБ) тарапынан дайындалған.
