Қытай бүгінде әлемнің 230-дан астам елімен сауда байланысын орнатқан, олардың ішінде Қазақстан – стратегиялық серіктес елдердің бірі. Қытай үшін Қазақстан қандай артықшылықтар мен кедергілер ұсынады? Бұл сұрақтарға Guangzhou Yanxu Changsheng International Trade Co. компаниясының акционері Цюй Бинь Jibek joly телеарнасындағы «Жаһан жайы» бағдарламасында жауап берді.

Қазақстанның артықшылығы мен әлеуеті
Цюй Биньнің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси және экономикалық қатынас жақсы жолға қойылған. Екі ел арасындағы энергетика саласындағы ынтымақтастық пен тұрақты байланыс – үлкен артықшылық.
«Қазақстан Қытайдың батысымен шекаралас, бұл кейбір жүктерді Қазақстан арқылы тасымалдауды тиімді етеді. Қашықтық қысқарады, сәйкесінше шығын да азаяды», – дейді Цюй Бинь.
Сонымен қатар, Қазақстан географиялық тұрғыда «Бір белдеу, бір жол» бастамасының маңызды транзиттік хабына айналуда. Цюй Бинь бұл бағытты Қытайдың Еуразиямен экономикалық интеграциясының өзегі деп есептейді.
Әлсіз тұстар мен кедергілер
Алайда Қытай кәсіпкері Қазақстан инфрақұрылымының әлі де жетілдіруді қажет ететін тұстарын атап өтті:
«Автомобиль жолдарының қамту ауқымы шектеулі, ал көрші елдермен тасымалдау желілерінің байланысы әлсіз. Бұл жүк тасымалдау жылдамдығы мен тиімділігіне әсер етеді».
Сондай-ақ, ол кедендік рәсімдер мен тарифтік саясаттағы үйлесімсіздіктерді де атап өтті. 2024 жылдың наурызынан бастап енгізілген 100% жүк қораптарын ашып тексеру тәртібі шекарадан өту уақытын ұзартып, әсіресе электронды коммерция тауарлары үшін тәуекелдерді арттырған.
Қытай не істеп жатыр?
Қытай өз логистикалық индустриясын қарқынды түрде дамытып жатыр: жаңа теміржолдар, мультимодальды хабтар, логистикалық парктер, қойма және сұрыптау қызметтері іске қосылды. Электронды сауданың да көлемі артуда.
«Сиань – теңізге шыға алмайтын Қытай қаласы болса да, бүгінде ірі жаһандық логистикалық хабқа айналды. Алматы да заманауи логистикалық орталыққа трансформациялануда», – дейді Цюй Бинь.
Болашақ қай бағытта?
Цюй Бинь Қытай мен Қазақстан арасында автомобиль тасымалының болашағы зор екенін айтады:
«Автомобиль тасымалы – икемді, “есіктен есікке” қызмет көрсетеді, тұтынушы үшін қолайлы».
Сарапшының пікірінше, Қазақстанның логистикалық әлеуеті зор, бірақ оны толық іске асыру үшін инфрақұрылым, тарифтік саясат және кедендік рәсімдерді жетілдіру қажет.