Бүгін Астанада Қазақстан әйелдерінің VII UMAI форумы басталды. Іс-шараға елдің түкпір-түкпірінен жиналған 500-ден астам кәсіпкер әйел қатысып жатыр. Форум – білімді шыңдап, тәжірибе алмасу және ынтымақтастықты нығайтатын бірегей алаң.
UMAI форумы мазмұнды контентімен, тәжірибелі спикерлерімен және практикалық сессияларымен ерекшеленеді. Қатысушылар әйел көшбасшылығы, цифрлық даму, әлеуметтік кәсіпкерлік, отбасы мен мансапты үйлестіру секілді маңызды тақырыптарды талқылайды.
Қазақстанда шағын және орта бизнестің 49%-ын әйелдер басқаратынына орай, форум еліміздегі әйел кәсіпкерлігінің экономикалық және әлеуметтік маңызын айшықтай түсері сөзсіз.

Форум аясында «Анамның қолынан шыққан» атты көрме де ұйымдастырылып, қатысушылар өз өнімдерін – экотауарлар, табиғи косметика, киім мен аксессуарларды таныстыруға мүмкіндік алады.
UMAI қорының президенті Жамиля Ерназарованың айтуынша, форум тек білім алаңы емес, сонымен қатар шабыт, қолдау мен өзара ынтымақтастық орталығы ретінде маңызды рөл атқарады.
