Сакура Турлухожа — бүгінде адамдардың құқығын қорғап жүрген белсенді. Бірақ бірнеше жыл бұрын ол өзі әділет іздеп, баспанасынан айырылған, алданып қалған жалғызбасты ана еді.
2020 жыл. Пандемия. Сакура бір жылдың ішінде анасынан, әкесінен, күйеуінен айырылды. Жалғыз ұлы ауыр халде реанимацияда жатты. Қымбат емге ақша қажет болды. Амалы қалмаған ана достары арқылы ақша беретін адам іздейді. Делдалдар табылып, олар «жылдам рәсімдеп береміз», «бәрі заңды болады» деп сендіріп, нотариусқа апарады.
Сакура пәтерін кепілге қойдым деп ойлады. Ал шын мәнінде ол пәтерін сатып жібергенін білмеді.
«Біз тек уақытша рәсімдейміз, кейін өзің сатып, бізбен есептесесің», — деді делдалдар.
«Қорықпаңыз, бәрі заңды» деді нотариус Роза.
Осылайша, Сакура қол қойып шыққан соң бәрі өзгерді. Қарызын уақытында қайтара алмаған соң әлгі адам хабарласып:
«Кешіріңіз, мен пәтерді сатып алдым. Енді бұл үй – менікі», — деді.
Сакураның үйіне бейтаныс адамдар кіріп, жалға тұрып жатқан квартиранттарды қуып шықты. Өзінің рұқсатынсыз, сотсыз. Ол кезде бәрі кеш еді.
«Мен сол кезде бұл ұйымдасқан алаяқтар тобы екенін түсіндім», — дейді Сакура.
Ол адвокат жалдап, сотқа арыз түсірді. Бірақ бірінші сатыдағы сот оның арызын қанағаттандырмады. Тек бірнеше жылдан кейін дәл осы схема арқылы алданып қалған басқа да азаматтар табылып, полиция қылмыстық іс қозғаған. Прокурор араласып, Сакураның келісімшартын жарамсыз деп тануға қол жеткізілді. Ақыры, ол өз пәтерін қайтарып алды.
Бүгінде Сакура — өзгелерді алаяқтардан қорғап жүрген қоғам белсендісі. Ол тегін кеңес береді, құжаттарды оқып береді, көмек сұраған адамдардың мүддесін қорғайды.
«Нотариус қол қойды екен деп сене бермеңіз. Олар да кейде алаяқтармен бірге жұмыс істейді.
Егер сізден пәтердің құжатын сұраса — ойланыңыз.
Егер «біз өзіміз рәсімдейміз» десе — қашыңыз.
Егер күмәндансаңыз — бұл сізге белгі. Тоқтаңыз!» — дейді Сакура.