Балалардың сүйікті анимациялық фильмі «Лило мен Стич» мамыр айынан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрында көрсетіле бастайды. Ең маңыздысы — Уолт дисней өнімінің жаңа нұсқасы қазақ тілінде дубляждалады. Бұл туралы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы Jibek Joly арнасына берген сұқбатында айтты.
Бұдан бөлек, желтоқсан айында қазақстандық көрермендер «Аватар» фильмінің үшінші бөлімін тамашалай алады. Бұл туынды да екінші бөлімі сияқты қазақ тіліне дубляждалған нұсқада ұсынылады. Рауан Кенжеханұлының айтуынша, жалпы жыл соңына дейін мемлекеттік тілде 4 голливудтық фильм көрерменге жол тартады. Айта кетерлігі, бүгінде әлемдік киностудиялар фильмдерді өз қаражатына қазақ тіліне аударады. Бірақ бұл қаржыландыру тоқтауы мүмкін.
«Айта кеткім келеді, голливудтық фильмдер прокатқа шыққанда барлық тілге аударылмайды. Олар 30 шет тілінде ғана дубляждап ұсынады. Қазақ тілі былтырдан бастап сол таңдаулы 30 тілдің қатарына енді. Қазақ тіліндегі дубляжға сұраныс 20 пайыздан кем болмауы тиіс. Егер осындай көрсеткіш сақталса, олар фильмдерді әрі қарай өз қаражатымен аудара береді» — деді «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті
Рауан Кенжеханұлы қазақша дубляжға деген сұранысты арттыруға әлі де күш жұмсалатынын мәлімдеді