Мемлекет көңіл бөлмесе, әлеуметтік осал топтың балалары болашақта әлжуаз топтың қатарында қала бермек. Jibek Joly телеарнасына берген сұқбатында депутат Елнұр Бейсенбаев осындай мәселені көтерді. Ол жалпы қосымша білім туралы айта келіп, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға ойысты.
«Ал қосымша білімнің дүйім көпшілігі қаржымен төленеді. Әлеуметтік осал топтардағы балалардың 70 пайызы қосымша біліммен қамтамасыз етілмеген. Ертең олар бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Олардың жағдайын жасағанмен, білімін шыңдамаса олар бәрібір осы қоғамда әлсіз топқа айналады. Одан кейін олардың балалары қайтадан дәл сондай әлжуаз, болмаса қорғалмаған топ болып шыға келеді. Сол үшін сондай отбасылардың қосымша біліммен қамтамасыз етуін тегін қылуды Қарастырамыз» — деді депутат
Сондай-ақ, Елнұр Бейсенбаев ауылдық жерлерді спорттық инфрақұрылыммен қамту тақырыбына да тоқталды. Айтуынша, ауылдардың жартысында мұндай нысандар жоқ екен.
«Мысалы, Қазақстанда 6 мың ауыл болса, соның 3 мыңында бұл инфрақұрылым жоқ деген сөз ғой мүлдем. Осыны да заңмен шегендейтін боламыз. «Ауыл-ел бесігі» деген сияқты бағдарламалар арқылы, заңда бекітетін болсақ міндеттейміз»-деді Елнұр Бейсенбаев
Депутат бұл жобаларды бюджет есебінен не болмаса демеушілер қаржысымен жүзеге асыру мүмкін екенін айтты. Бұдан бөлек, сұқбатта балалар арасындағы буллинг, Ұлттық құрылтайдағы президенттің тапсырмасы жөнінде де сөз қозғалды