Алматы әуежайында пышақты жұлып алып, қаскөйді ұстаған ер адамның кім екені белгілі болды. Осы жағдай туралы жаңа мәліметтерді tiek.kz ақпарат порталы жариялады.
Бұл ер адам 52 жастағы Мұса есімді азамат екен. Ол — танымал әнші, «Жігіттер» тобының мүшесі Бағлан Әбдірайымовтың ағасы әрі актриса Аружан Мұсаның әкесі. Аружан бірнеше жарнама роликтерінде түскен, сонымен қатар «Тырна» сериалында басты рөлдердің бірін сомдаған.
Мұса Сайрамбайұлы 1973 жылы Түлкібас ауданының Күмісбастау ауылында дүниеге келген. Ол – 9 баланың кенжесі, кәсіби спортшы болған. Қазіргі таңда 5 баланың әкесі әрі ардақты ата.
Бағлан Әбдірайымовтың айтуынша, ағасы ешқашан батыр боламын деп жоспарлаған жоқ, бірақ дұрыс шешім қабылдап, өміріне қауіп төнгенде ерлік жасады.
«Бұлай қаһарман боларын білгенде таңда бізді шығарып салғанда суретке түсіп алар едік. Ол 9:25 те Қостанайға ұшқанда көргенбіз, аманатын ап кеткенбіз. Мемлекеттік марапатқа да ұсынып үлгеріпті», — дейді әнші.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы әуежайындағы жағдайды тыңдап, қылмыскердің пышағын жұлып алып, тұтқындауға көмектескен азаматтың батылдығын ерекше атап өтіп, оны мемлекеттік наградаға ұсынуды тапсырды.