«Александр Дугиннің шәкірті»: белгілі әнші Қазақфильмнің тізгінін ресейліктер алып жатқанын айтып шу шығарды

Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» Ұлттық киностудиясына қатысты тағы да дау шықты. Дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай Қазақ анимация кәсіподағының басшысы ресейлік азамат екенін айтып шу шығарды. Айтуынша, бұл іске белгілі режиссер Ақан Сатаевтың да қатысы бар, деп хабарлады tiek.kz.

«Қазақфильм» мен «Қазақанимация» мәселесінің саяси сипаты күннен күнге айқындала түсуде. Оның бір айғағы – бұған дейін бұғып келген құпия сеператистік күштер өздері мен сөздерін жарияға шығарып, көздерін қызартып, сапсиған теке сақалдарын желк-желк желпілдетіп, азу тістерін ақсита бастады. Соның бір дәлелі – мына суреттегі теке сақал поп Астанаға, ұжымның еркінен тыс, күштеп көшірілмекші боп жатқан «Қазақанимация» бірлестігінің жаңа басшыларының бірі болмақ. 

Ресей ұлтшылы Александр Дугиннің сақалтай шәкірті бұл поп 03.03.2025 күнгі «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының уақытша басшысы Айдар Омаров ұйымдастырған ZOOM жиынында алғаш рет бой көрсетіп, өзін Қазақ анимация профсоюзының бастығымын деп жариялады. Қайдан кеп қалғанын білмейміз, көрмеген, білмеген адамымыз. 

Сол күні Айдар Омаров басқару пультінде отырған Зум эфиріне кенет шыға келіп, әй-шәй жоқ өзін анимация профсоюзының бастығымын деп таныстырған танымайтын сақалтайды алғаш көргенде мына сайтанның сапалағы қайдан кеп қалды деп аңырып қалғанымыз рас. 

Сөйтсек бұл ZOOM жиылысты Айдар Омаров осындай шовинистік күштерді «Қазақанимация» ұжымына қасақана айдап салу үшін әдейі ұйымдастырған болып шықты. А.Омаровтың бар мақсаты «Қазақанимация» ұжымын осындай беймәлім күштерге айдап салып, арандату арқылы ұлтаралық жанжал тудыру сияқты. Әйтпесе мынау есі дұрыс адамның істейтін ісі емес қой», — дейді дәстүрлі әнші. 

Ерлан Төлеутайтыңдың айтуынша, бұл іске белгілі режиссер Ақан Сатаевтың да қатысы бар. 

«Ал енді бұл поптың өзін анимация профсоюзының бастығымын деген жер жарған мәлімдемесіне келейік. Мәселе былай болған деседі. 2024 жылы ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Шаталов әлдебір жасырын күштердің ықпалымен Ұлттық киноны қолдау жөніндегі Мемлекеттік орталықтың эксперттік кеңесінің мүшесі боп шыға келеді. Бұл ұзақ әңгіме, қысқаша айтқанда ол осы жерде эксперттік кеңестің тағы бір мүшесі Иван Ардашовпен ымыраласып «Қазақанимацияны» «Қазақфильмнен» алып қою арқылы өз ықпалдарын жүргізудің әбжіл жобасын жасай бастайды. Бұл іске тағы бір эксперттік кеңестің мүшесі, Қырғызстан азаматы Алмас Қособаев деген қосылады. Айтпақшы бұл Қособаев деген сабаз бізге 2020-шы жылдан бері «Қазақанимацияға» қарсы күштердің қақ басында қол бастап жүрген шетел азаматы ретінде мәлім қу.

«Қаңғып келген Колбин…» демекші, осы Қособаевты «Қазақфильмге» әкеліп, «Қазақанимацияны» қолына ұстатып қойып «еті сенікі, сүйегі менікі» деп ұжымды қатты қорлатып һәм сорлатқан Ақан Сатаев болатын. Ақан Сатаев басшылықтан кеткен соң мұны сол кездегі Ұлттық киноны қолдау жөніндегі Мемлекеттік орталықтың басшысы Есет Қосубаев өзіне шақырып алып лезде қанатының астына ала қойды. Осылайша. заманында «Бөбек» қорын басқарып, Сара Назарбаеваның оң қолы болып, атағы айдай әлемге әйгілі болған Есет Қосубаев қырғыздан келген Қособаевты кең құшағына басты, қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады. Сөйтіп Есетжан Қосубаев «Қазақанимацияға» өлердей қарсы, бейнелеп айтқанда – Кенесарыны опасыздықпен өлтірген Орман манап сықылды қаныпезер жау тауып беріп жөніне кетті. Содан бері А.Қосабаев эксперттік кеңестің тұрақты мүшесі болумен келеді. Ереже бойынша эксперттік кеңестің мүшесі бір жылдан артық мерзімге тағайындала алмайтын еді. Ал мынау Қособаев болса, бөтен елдің азаматы бола тұра, бірнеше жыл қатарынан эксперттік кеңестің мүшесі болып алып тапжылмай әлі отыр және өздерінің диверсиялық әрекеттерін ешкімнен айыл жимастан ашық жүргізе бастады. Қособаевқа сөйтіп Ардашов қосылды дедік. Осы екеуі құрған топтың артында Кремльдің тапсырмасын орындаушы Шаталовтың тұрғандығы өткен жолы ол депутат өз мәлімдемесін ашық жасағанда әмбеге аян болды. Мүшелері жүздеген адамға жеткен бұл астыртын топтың Алматы қаласындағы лидері «Қазақфильмнің» уақытша басшысы Айдар Омаров болса, ал Астанадағы басшысы ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты Шаталов екенін тағы бір естеріңізге саламыз. 

«Жау қайда деме, жар астында!» деген осы ағайын! Мінеки, Ұлттық кино мен анимациялық киномыздың қара шаңырағын – қалың қазақтың көз алдында, оның Үкіметі мен Сенаты һәм Парламентінің, Прокуратурасы мен Сотының, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің алдында тіпті оның Президентінің тап алдында көздерін бақырайтып қойып талқанын шығарып жатыр. Ал қазақтың ары өлген намыссыз шенеуніктері осы сұмдыққа көзін жұмып қарап отыр. Не деген қорлық десеңші, қазағым! Әлде Сіздер қорланбайсыздар ма?!

Келесі жолы бұл диверсиялық жобаның Астанадағы үйлестірушілеріне тоқталамыз.Аттарын атап, түстерін түстейміз.

XVIll ғасырда өмір сүрген әулие Бұқар жырау бабамыздың «Жатқа тізгін бермеңіз, жаламенен бас кетер» деген өсиеті бар еді. Өкініштісі ол өсиетті қазақтың орысшыл билігі орындай алмады. Орындамақ түгілі мұндай өсиетті мемлекеттік басқару институттары есітпейтін етті. Осылайша сыртқы күштермен ымыраласып алған биліктегі сатқын күштер өмірін ұлттық өнер мен мәдениетке арнаған және өздері ат төбеліндей өте аз қалған өнерпаз һәм қайраткер азаматтарға маза берер емес, ол аздай «Бауыздамай ішер қаныңды» деп тағы сол Бұқар жырау айтқандай, бұл өнерпаздардың түбіне жетудің астыртын жобаларын қарастыруда деседі. Сұмдық қой! Жә, еркек тоқты біз құрбандық, Сен аман бол, қазағым! Қазақтың алтын құрсақ аналары ел қамын жеген Едігедей арманы биік асыл ерлердің талайын дүниеге әкелер. Бірақ, оларды біз құсатып жат күштер пен өз ішіміздің сатқындарына талата көрмеңіздер! Көрдік қой, ауыр болады екен. «Айтып айтпай не керек, кем болмады, ,өлімнен!» (Махамбет)

… Міне, жатқа сәл тізгін беріп едік, бас кетіп отырған жай бар ағайын. Өңкей қазақ билікте отырып, ұлттық анимациялық кино өнерінің атасы Әмен Қайдаров негізін салған 57 жылдық тарихы бар «Қазақанимация» шаңырағын көз алдарында жат күштердің қолымен құлатқалы жатыр. Сонан соң «Қазақфильмді».

Бірақ біз құлатпаймыз, соңғы деміміз қалғанша күресеміз!» , — дeп жaзғaн өзiнiң facebook пaрaқшaсындa.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―