Қостанайдағы даулы видео: Полицейлерге қоқан-лоққы жасаған джип жүргізушісі жұмысынан қуылды

Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында болған даулы видеодадан кейін Lexus көлігінің иесі Қостанай ІІМ академиясынан шығарылды, деп хабарлайды Tiek.kz

“Қызметтік тексеріс нәтижесінде Қостанай – Әулиекөл тасжолында жол ережесін бұзған жүргізуші академияның магистратурасынан шығарылып, құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіретін әрекеті үшін ішкі істер органдарындағы жұмысынан босатылды”, – деп мәлімдеді оқу орны.

Бұл ақпаратты ІІМ орынбасары Игор Лепеха да растап, Қостанай – Әулиекөл – Сұрған тасжолында Lexus көлігін тоқтату оқиғасына байланысты қызметтік тексеріс басталғанын айтты. 

Айтуынша, Lexus жүргізушісіне айыппұл салмаған полиция қызметкерлері жұмысынан шығарылған. 

«Жылдамдықты асырған джипті тоқтатып, айыппұл салмаған полицейлер уақытша жұмысынан шеттетілді. Ал жол талғамайтын көлік иесі органдағы жұмысынан айырылды», — деп атап өтті Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Tiek.kz сұрағына.

Инспекторларға қоқан-лоққы жасаған адам Қостанай ІІМ академиясының магистранты болып шыққан. Бүгінде ол оқудан шығарылып, жұмысынан қуылды. Лепеханың айтуынша, академиядан қуу туралы шешім кеше шыққан. 

Бұған дейін әлеуметтік желіде патрульдік полиция қызметкерлерінің Lexus көлігінің жүргізушісін тоқтатқан видеосы тараған болатын.

Жүргізуші көлігін тоқтатқан полиция қызметкеріне наразы болып, оған дөрекі сөйлеген. Ол инспекторға «нөмірімді жаттап ал» деп бұйрық беріп, қызметте қанша уақыт жүргенін сұрайды. Әңгіме барысында жүргізуші бұрынғы жол полициясы қызметкері екенін айтып, 11 жыл бойы ГАИ-де жұмыс істегенін және жол ережелерінің барлық қыр-сырын білетінін жеткізген.

Қысқа тартыстан кейін жүргізуші көлігіне қайта отырып, кетіп қалған. Кейін белгілі болғандай, оған ешқандай айыппұл салынбаған.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―