Былтыр 1600 жуық кибералаяқ қылмыстық жауапкершілікке тартылған — ІІМ

Алаяқтық, оның ішінде интернет, басқа да байланыс құралдары арқылы жүзеге асырылатын кибералаяқтық — Қазақстанды ғана емес, әлем елдерін алаңдатқан мәселе екені айтпаса да түсінікті. Осы орайда Tiek.kz редакциясы Ішкі істер министрлігіне сауал жолдаған болатын.

Tiek.kz: Соңғы 3 жылдағы кибералаяқтық динамикасы қандай?

ІІМ: Республикадағы криминогендік жағдайды талдау соңғы уақытта алаяқтық жалпы қылмыс құрылымында жетекші орын алғанын көрсетеді. Соңғы 3 жылда олардың саны 11% — ға өсті (2022 ж. – 20444, 2023 ж.- 21637, 2024 ж. — 22 560).

Былтыр 1600 жуық кибералаяқ қылмыстық жауапкершілікке тартылған - ІІМ

Tiek.kz: Кибералаяқтардың құрбанына айналғандардың портреті жасалды ма?

ІІМ: Өздерінің қылмыстық жоспарларын жүзеге асыру үшін алаяқтар жас санаты 49 жастан 60 жасқа дейінгі және 60 жастан асқан адамдарды пайдаланады, олардың негізгі үлесін жұмыссыздар мен зейнеткерлер құрайды. Мұндай санаттағы адамдар көбіне сенгіш келеді, кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарамайды, әсіресе алаяқ өзін ресми тұлға ретінде таныстырғанда осалдық байқатып, тез алданып қалады. Осындай факторлар алаяқтарға қылмыстық ниеттерін жүзеге асыруға өте қолайлы болып тұр.

Tiek.kz: Кибералаяқтар криптонарықты пайдаланған фактілер тіркелді ме? Алданғандардың айырылған қаражатының сомасы қандай?

ІІМ: Биылғы жыл басынан бастап полиция органдары криптобиржа немесе криптовалютамен байланысты интернет-алаяқтықтың7 фактісін тіркеді, азаматтардың жалпы шығыны шамамен 30 млн теңгені құрады. Әрбір факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі.

Tiek.kz: Бұған дейін Ішкі істер министрлігі өкілдері қазақстандық номерге қосылып басқа елден қоңырау шалушылардың жолын бөгейтін техникалық мүмкіндік бар екенін мәлімдеген. Осындай әдіспен бүгінге дейін неше қоңырау бөгелді?

ІІМ: Қылмыстың осы түріне қарсы іс-қимыл жасау мақсатында Министрлік ұйымдастырушылық-практикалық шаралар қабылдауда, соның нәтижесінде 2022 жылғы шілдеден бастап байланыс операторларымен бірлесіп техникалық тосқауыл қою арқылы ауыспалы нөмірлерден 65,3 млн. қоңыраулар бұғатталды.

Былтыр 1600 жуық кибералаяқ қылмыстық жауапкершілікке тартылған - ІІМ
Фото: Жасанды интеллект

Tiek.kz: Кибералаяқтықпен күресу үшін жасанды интеллектіні пайдалану жоспарда бар ма?

ІІМ: Киберқылмыстарды тиімді ашу үшін Ішкі істер министрлігі озық технологияларды қолданады. Мемлекеттік бағдарлама аясында интернеттен деректерді жылдам талдауға, жасырын байланыстарды табуға және ақпаратты, соның ішінде жасанды интеллект элементтері қолданылған ақпараттарды салыстыруға мүмкіндік беретін жүйелер пайдаланылады. Бұл құқық бұзушылықтардың ашылуын тездетеді. Осы жүйелер арқылы 2,5 миллионнан астам сұраныс өңделді, бұл интернеттегі алаяқтық қылмыстарға қатысы бар 500-ден астам адамды анықтауға және 120 күдіктінің орналасқан жерін табуға мүмкіндік берді.

Tiek.kz: Кибералаяқтық бабы бойынша ашылған қылмыс саны қанша? Кибералаяқтардың географиясы (қай елден екені) белгілі ме?

ІІМ: 2024 жылы 4,4 мыңнан астам қылмыстық іс жүргізілді, сол бойынша 1,6 мыңға жуық күдікті қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Мемлекеттік сектормен бірлесіп интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл тетіктері пысықталды.

Осылайша, банктермен белсенді ынтымақтастықтың арқасында «Антифрод-орталық» жүйесі іске қосылды, ол өз жұмысын 2024 жылғы 22 шілдеден бастады. Киберқылмыстық оқиғалармен байланысты 20 мыңнан астам дерек түзелді, соның нәтижесінде үлкен соманы алаяқтарға аударып жіберудің алдын алуға, сондай-ақ қауіпті фишингтік сайттар мен алаяқтық қоңырауларға тосқауыл қоюға мүмкіндік туды.

Ең маңызды жетістіктердің бірі ірі ақшалай шығындардың алдын алу болды. Алаяқтар өз шоттарына аударуға тырысқан 2 млрд. теңге қаражат бұғатталды. Бұл нәтиже қаржы институттарымен тығыз ынтымақтастықтың және күдікті операцияларды мұқият бақылаудың арқасында мүмкін болды.

ІІМ азаматтарды киберқауіптерден қорғау шараларын белсенді дамытуды жалғастыруда және болашақта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі кеңейтіле түсетін болады.

Бірлескен операциялардың нәтижесінде 2024 жылы Украина аумағында жұмыс істейтін бес алаяқтық байланыс орталықтары жойылды. Сол жылдың қыркүйек айында Алматыда төрт байланыс орталығы анықталды, осы орталық арқылы алаяқтар басқа елдердің азаматтарын алдап, қылмыстық жолмен табыс тауып отырған.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―