Трамптың пікірлері, қорқытып-үркітіп сөйлеуі әлем үшін ең үлкен қатер – Түрік генералы

Таяу Шығыстағы ахуал, Трамптың елді елең еткізген мәлімдемелері, Түркияның аймақтағы геосаяси тұрғыдағы әлеуеті. Tiek.kz редакциясы Түркияның отставкадағы генералы Юджел Караузбен сұқбаттасып, өзекті мәселелерге байланысты пікірін білген еді

  • Tiek.kz: Сириядағы саяси режимнің ауысуы аймақтағы жағдайға қалай әсер етті?
  • Юджел Карауз: Әрине, Башар Асадтың Сириядағы 13 жылдық қасап режимінің кетуімен Асадтың жасаған анархиясы мен террорлық атмосферасы уақытша болса да жойылды.  Қазіргі уақытта үкімет құрылды. Бұл үкіметтің құрылуы аймақтағы ең үлкен өзгеріске әкелді. Ол – Иран мен Ресейдің ықпалының азаюы.

Әрине, Иран мен Ресейдің аймақтан шығуының нәтижесінде туындаған әскери күштік бос кеңістікті Түркия, Израиль және Батыс одақтастары толтыратын сияқты. Осы тұрғыда ең үлкен өзгеріс – Ресейдің теңіз және әуе базалары, әскери базаларының жойылуы, Иранның парамилитарлық күштерінің және өкілдік күштерінің Сириядағы ықпалының азаюы. Сондай-ақ, бір ғана ту, бір ғана мемлекет, бір ғана конституция аясында бір ғана армия құрамында барлық террорлық топтарға қарсы әрекет ету және біртұтас Сирия құру жөніндегі келісімге келуді де баса айтқан жөн.

Сирия билігіндегі өтпелі кезең шамамен бір-бір жарым жылға созылуы мүмкін. Бірақ дәл қазіргі жағдайда күшті екенін дәлелдеп, жеңіске жеткен тараптар бүкіл Сирияд және осы жаңа құрылым аясында өз ықпалын жүргізетін сияқты. Әрине, бұл жағдайда Батыс, Түркия мен Израильдің ұпайы түгел. Түркия әрдайым Сирияның біртұтас мемлекет болғанын қалаған. Болашақта да дәл солай қалаймыз.

  • Tiek.kz: Дональд Трамптың билікке келуі Таяу Шығыстағы ахуалдың реттелуіне әсер ете ме? Газадағы тұрғындарды көшіру туралы мәлімдемесін Түркия тарапы қалай қабылдады?
  • Юджел Карауз: Әрине, бірполярлы әлемде Америка Құрама Штаттарының ұстанымы маңызды. Трамптың инаугурациясына дейін белгісіздік болды. Бірақ ол ант бергеннен кейін әлемді шокқа салатын, адамдарды таң қалдыратын және ешкімді елемейтін ұстанымдарын анық көрсете бастады. Соның бірі – Газаны босату және онда тұрып жатқан Палестиналықтарды басқа елдерге көшіру. Сондай-ақ Газаның үлкен саяси сауда құралына айналып, Америка Құрама Штаттарына тапсырылуы мәселесі

Бұл мақұлдайтын нәрсе емес. Палестиналықтар мыңдаған жылдар бойы сол жердің нақты иесі болып келген. Сондықтан оларды саяси сауданың орталығы жасау мақсатымен Палестиналықтарды отанынан айырып, басқа елдерге көшіріп, Израильдің ықпалын арттыру арқылы Америка Құрама Штаттарының ықпалын арттыруды Түркия дұрыс деп санамайды. Түркия президенті де бұл мәселені маңызды деп санамайтынын айтты. Білесіздер, Мысырда өткен кездесуде 5 елдің Сыртқы істер министрлері Америка Құрама Штаттарына қарата бұл нәрсені мақұлдамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар 1967 жылғы келісімдер аясында Палестинаның Газада, Батыс және Шығыс Иерусалимде өмір сүруі — халықаралық құқық аясында екенін де еске салып өтті.

Бірақ Трамп айтқанынан қайтпайтын сыңайлы. Әрине, оның табандылығы, өзін ешкімді пысқырмайтындай ұстауы, Біріккен Ұлттар Ұйымы механизмін елемейтін сияқты көрінуі әлем үшін қауіпке айналды. Қазіргі уақытта Трамптың пікірлері, қорқытып-үркітіп сөйлеуі әлем үшін ең үлкен қатер.

Әлем жұртшылығы НАТО мен Варшава пактісінің жойылуын және әлемде бейбітшіліктің орнауын күтіп жүрген уақытта әлем империалистік капиталистер, кедей және шағын елдер тарапынан жаңа біртұтас әлемдік мемлекетті құруға бағытталған қатерлер мен тәуекелдермен бетпе-бет келіп отыр. Осыған қарсы тұру үшін әлемде күштер мен идеялар бір ортаға бірігетініне сенімдімін.

  • Tiek.kz: Иран мен Израиль арасында шиеленіс ширығуы мүмкін бе? Аймақтағы жағдайдың бейбіт жолмен шешілуінде Түркияның рөлі қандай?
  • Юджел Карауз:  Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс, әрине, жалғасып жатыр. Израиль үшін өзінің өмір сүруін, қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Иран мен Түркия секілді елдердің ядролық күшке ие болуына жол бермеу ең маңызды мәселе. Сондықтан Израиль Иранның ядролық держава атануына қарсы күресін жалғастырады. Америка Құрама Штаттары да оны қолдайды.

Америка мен Израильді бөліп қарауға болмайды. Бірақ Сириядағы қазіргі режимнің өзгеруі мен Ливандағы оқиғалар Ливан, Сирия және Ирак сынды «Шиит белдеуі» деп аталатын аймақтардағы Иранның өкілдік элементтерінің ықпалын азайтты. Толықтай жойған жоқ, бірақ Сирияда әлдеқайда әлсіреді. Бұл Иран үшін үлкен соққы, бірақ Израиль үшін маңызды емес. Израиль үшін маңыздысы – Иранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу. Ол осыған қатысты күрес жүргізіп, уақыт өте шиеленісті арттырып, Америка Құрама Штаттарымен бірге Иранды жоюға немесе әлсіретуге бағытталған қадамдар жасайды.

Түркия әрқашан аймақтағы елдердің территориялық тұтастығын, халықаралық құқық аясында бейбітшілікке бағытталған қадамдарды қолдайды. Бірақ қазіргі уақытта Түркия мен Израиль арасындағы қарым-қатынас мәз емес. Сондықтан Израиль Түркияның бейбітшілік бастамаларын оң қабылдамайтыны түсінікті. Иран да мыңдаған жылдар бойы Түркияны өзіне бәсекелес санап келді. Тіпті өздерін Түркиядан дәулеті, қуаты артық деп санайды. Сондықтан Түркияның мұндай мәселелерде бейбітшілік бастамаларын құптамайды деп ойлаймыз.

Қорыта келгенде Түркияның халықаралық күші, саяси қуаты, Түрік мемлекеттері ұйымындағы қазіргі жағдайы ескерілетін болса, онда Түркия аймақтық және халықаралық деңгейдегі күшке айналды. Оның ықпалы Ливиядан Таулы Қарабаққа дейін, Таулы Қарабақтан Сирия, Ирак пен Сомалиге дейінгі аумақты қамтиды. Түркияның осы деңгейге жеткенін, Түрік мемлекеттерінің саяси, экономикалық, мәдени және тілдік, идеялық бірлігімен бірге жоғарылаған күшін әлем елдері де байқап отыр. Сондықтан, Түркияның осы ғасырдағы қуаты, қол жеткізген деңгейі және Түрік мемлекеттері ұйымының 300 миллиондық күшін бәрі мойындауы тиіс. Қандай да бір қадам жасар кезде осыны ескергені абзал

  • Tiek.kz: Сұқбатыңызға рақмет!
Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―