Атыраудағы Авангард шағын ауданындағы №3 мектеп-гимназияны полиция қоршауға алды деген ақпарат тараған еді.
Ақпаратта мұғалімдер оқушыларды «ғимаратта құбыр жарылды» деп сабақтан шұғыл босатып жатқаны айтылған. Кейіннен Ақжайық басылымы мектепке «жарылғыш зат бар екені туралы хабарлама түсті», — деп жазды.
«Қазіргі кезде мектептің айналасы полиция қызметкерлерімен қоршаулы тұр. Оқушылар сағат 12:25-те үйлеріне тарады. Полиция департаменті тексеріліп жатқанын мәлімдеді», — делінген дерек көзінде.
Түстен кейін құзырлы органдар, оқиғаның мән-жайын түсіндірді. Айтуларынша, Атыраудағы №3 мектепте тарих пәнінен беретін мұғалім 80 миллион теңге аудару туралы хат алған. Егер ақша жібермесе хат жіберген адам мектепті 14:00-де жарып жіберетінін айтқан.
Мұғалім бірден полицияға хабар берген. Оқиға орнына тәртіп сақшылары келді. Жарылыс туралы ақпарат расталмады.
«Қасақана жалған терроризм актісі туралы хабарлама» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде», деп мәлімдеді Атырау облыстық полиция департаменті.
Сондай-ақ, тарих пәні мұғаліміне қорқыту хабарламасын кім жібергені анықталып жатыр.