Алматыда шетелден жеткізілген «аквамарис» дәрісінің қорапшасынан есірткі салынған сәлемдеме табылды, деп хабарлайды tiek.kz
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, марихуана мен есірткісі бар мармелад салынған сәлемдеме АҚШ-тан келген.
Есірткі поштаның қауіпсіздік қызметі мамандарының көмегімен анықталды.
«Сәлемдеме 30 жастағы жергілікті тұрғынға арналған. Оған АҚШ-тан марихуана мен есірткісі бар мармелад салынған сәлемдеме жіберген. Күдіктінің тұрғылықты жерін тінту барысында жасыл түсті, ерекше иісі бар, өсімдік тектес зат салынған 27 қаптама табылды және тәркіленді. Сот-химиялық сараптама тағайындалды. Жедел іс-шаралар барысында күдіктінің қылмыстық сәлемдемені қандай мақсатпен алғаны және қаламызды есірткімен қамтамасыз ету арнасы анықталатын болады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», — деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.