Қоғам
Партиялардың үміткерлер тізімінде комитет жұмысын жандыратын мамандары бар ма?
Цифрландыру өте үлкен, ауқымды әрі өзекті сала. Енді жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, цифрлық экономика сияқты бағыттар бойынша заңдар дәл осы жаңа комитеттің сүзгісінен өтеді.

Цифрландыру демекші, Құрылтайда цифрландыру мәселесіне арналған су жаңа комитет құрылады. Бұрын мұндай комитет болмаған. Тіпті саланы іштен түсінетін депутаттар да аз еді.
Ал цифрландыруға қатысты заңдар мен нормативтік актілерді әзірлеу кезінде құқықтық сараптамамен қатар, саланың ішкі логикасын түсінетін кәсіби көзқарастың ауадай қажет екенін талай рет көрдім.
Цифрландыру өте үлкен, ауқымды әрі өзекті сала. Енді жасанды интеллект, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, цифрлық экономика сияқты бағыттар бойынша заңдар дәл осы жаңа комитеттің сүзгісінен өтеді.
Ендеше ертең құрылтайды құрайтын партиялардың үміткерлер тізімінде осы комитет жұмысын жандыратын мамандар бар ма? Нақты істің адамдары бар ма?
7 партияның кандидаттар тізімін сүзіп шықтым. Айырмашылық бар.
IT, ЖИ, телеком саласына қатысты адамдар Әділет партиясында басым боп шықты: 8 үміткер. Ал Ауылда — 3 адам, Республикада — 5 адам, ҚХП- 4, ЖСДП — 2, Байтақта — 1 адамның осы салаға қатысы бар. Ақжолдың үміткерлер тізімінде бұл салаға жақын адам таппадым.
«Әділет» цифрлық саланың марқасқаларын жинаған. Мұнда мемлекеттік және корпоративтік сектордан бұрынғы цифрлық даму министрі, вице-министрлер, «Қазақтелеком» басшысы бар.
«Ауыл» мен Республика — IT-ді кәсіпкерлік және технологиялық бизнес арқылы дамытып жүрген мамандармен қатарын толықтырған.
ҚХП мен ЖСДП цифрлық трансформация, IT-инфрақұрылым, деректерді талдау және мемлекеттік басқару бағытына жақын сарапшыларды жинаған.
Ал «Байтақ» лидері Азаматхан Әміртаевтың өзі экологиямен танылғанымен, кәсіби қалыптасуы IT және ақпараттандыру саласымен байланысты.
Әрине, бұлар әзірге тек үміткерлер. Депутаттарды партия өткен жағдайда өзі таңдайды. Құрылтайға өткен партия, тізімдегі салалық мамандарға мандат бере ме… ол партияішілік әрекет.
Тұнған интрига ғой негізі…
Ал Комитет құру тек бастама ғана, оның тиімділігі кімдердің келуіне байланысты.
Журналист Айнұр Күзербаеваның facebook парақшасынан



