Қоғам

«Бәрі Алланың қолында»: көлік қаққан жігіттің туыстары мәлімдеме жасады

Экс-депутат Бақытжан Базарбек елді алаңдатқан жол апаты мәселесі бойынша тағы бір видео жариялады. Ол бұл жолы көлік қағып кетті делінген азаматтың туыстарымен қатар тұрып үндеу жасаған, деп хабарлайды tiek.kz.

«Нұржігіт бауырымыздың өмірі ақ халатты абзал жандардың қолында. Емі жүріп жатыр. Жамбыл облысының денсаулық сақтау тарапынан үлкен көмек атқарылып жатыр. Дәрігер, сарапшылар келіп, Нұржігіт бауырымызға көмегін көрсетіп жатыр. Реаниматолог, травматологтар келіп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігімен тікелей байланыста консилиум да жүріп жатыр. Оң өзгерістер бар. Жанымда Нұржігіт бауырымның жақын туған-туысқандары тұр. Бәрі Алланың қолында. Алып-қашпа әңгіме таратпайық», — дейді Бақытжан Базарбек.

Нұржігіттің жақындары да экс-депутаттың барынша көмектесіп жатқанын айтып, дұғада болуды сұраған.

«Қазіргі қоғамда резонанс тудырып жатқан оқиғаға өздеріңіз куә болып отырсыздар. Бұл оқиғада біз жәбірленуші тараптан боламыз. Қазіргі таңда Бақытжан Базарбек ағамыз біздің жанымызда. Барынша өзінің көмегін көрсетіп жатыр. Бауырымның аяқтан тұрып кетуіне еш көмегін аяп жатқан жоқ. Қазіргі таңда бауырымның жағдайы қанағаттанарлық. Бауырыма көмек көрсетіп жатқан ақ халатты абзал жандарға да алғыс. Құрметті халайық, бауырым үшін дұғада болыңыздар», – дейді Нұржігіттің әпкесі.

Жол апаты 15 тамызда Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында болған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button