Қоғам

«Жастарды қолдау – мемлекет үшін әрдайым басымдық»: Президент қазақстандық жастарды мерекемен құттықтады

Астанада Халықаралық жастар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті деп хабарлайды Tiek.kz. Мерекелік жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен 3 мыңға жуық белсенді жас жиналды.

Елорда төрінде бас қосқандардың қатарында волонтерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, жастар ұйымдары мен ресурстық орталықтардың өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ өнерпаздар мен спортшылар бар.

Қоғамды алға бастайтын күш

Ауқымды шара барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастарға арнаған арнайы құттықтауы оқылды. Мемлекет басшысының ізгі тілегін ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жеткізді.

Президент өз сөзінде жастардың қоғамды алға бастайтын қозғаушы күш әрі жасампаз идеялардың қайнар көзі екенін ерекше атап өтті:

«Жастарды қолдау саясаты мемлекетіміз үшін әрдайым негізгі басымдық болып қала береді. Қазіргі таңда республикамыздың әр аймағында көптеген мектептер, спорт нысандары, даму орталықтары салынып жатыр. Ауқымды жобалар қолға алынып, дарынды жастарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бүгін табысталатын «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты – соның жарқын көрінісі. «Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпарды» анықтайтын үздіктер сайысы озық ойлы, отаншыл, білімді әрі еңбекқор азаматтардың басын қосып отыр».

Жаңа Қазақстан: Заң, Тәртіп және Цифрландыру

Мемлекет басшысы елдегі түбегейлі реформалар мен Ата Заңымызға енгізілген өзгерістердің маңызына тоқталды. Жаңа Конституцияда адам капиталын, білім мен ғылымды, инновацияны дамыту стратегиялық бағыт ретінде айқындалған.

«Қазақстан беделі жоғары мемлекет ретінде дамудың даңғыл жолына түсіп, тарихи өрлеу кезеңіне қадам басты. Еліміз жаппай цифрландыру ісін қарқынды жүргізіп, жасанды интеллект технологияларын барлық салаға белсенді енгізіп жатыр. Түптеп келгенде, біздің мақсатымыз – экономикасы қуатты, Заң мен Тәртіп үстемдік ететін, Әділетті, Озық, Қауіпсіз әрі Таза Қазақстанды құру», – делінген құттықтауда.

Президент жаңашылдыққа ұмтылған, игі бастамалардың бел ортасында жүрген жалынды жастардың кез келген белесті бағындыра алатынына сенім білдіріп, «Қастерлі Отанымыздың болашағы – Сіздердің қолдарыңызда!» деп түйіндеді.

Айта кетейік, іс-шара аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранттар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтіп, салтанатты жиын үлкен мерекелік концертке ұласты.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button