«Информбюро» өзінің 30 жылдығына орай Алматыға шахмат алаңын сыйлады
Алаңның ашылуын Қазақстандық шахмат федерациясы қолдау білдірген.

Отыз жыл бойы «Информбюро» елдегі басты оқиғаларды бақылап, саралап, көрермендерін ақиқат хабарларымен ақпараттандырып, күрделі үдерістерді түсіндіріп, адамдардың тағдырына қатысты мәселелерді назардан тыс қалдырмай, бағдарлап келеді.
Енді міне, «31 арнаның» басты ақпараттық бағдарламасы өзінің мерейтойына орай мерекелік эфирмен ғана шектелмей, Алматыға жаңа шахмат алаңын сыйға тартып отыр. Бұл туралы Қазақстан шахмат федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

Алаңның ашылуын Қазақстандық шахмат федерациясы қолдады.

«Алматы үшін мұндай шахмат кеңістігінің пайда болуы – шын мәнінде маңызды оқиға. Қалаға балалар, ата-аналар, әуесқойлар және болашақ чемпиондар үшін шахмат ойыны күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналатын орындар аса қажет. Бүгінгі таңда Қазақстанда шахматтың прайм-дәуірі өрлеп тұр: шахмат өнеріне деген қызығушылық артып, жаңа есімдер танылып, олардың халықаралық деңгейде беделі артып келеді. Дәл осындай көзқарас аула мен қала алаңдарынан бастап үлкен кәсіби тақтаға дейінгі бағдарлар болашақ жеңістер үшін берік іргетас болмақ», — дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры, әйелдер гроссмейстері Гүлмира Дәулетова.

«Алматы – мәдениет пен идеялар қаласы, онда бос уақыттың өзі үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Шахмат және басқа да зияткерлік ойындар қала тұрғындарының өмірінде ерекше орын алады. Біз жастар мен аға ұрпақты біріктіретін және шабыттандыратын саналы демалыс дәстүрін дамытуға өз үлесімізді қосқымыз келеді», — деді «31 арнаның» бас директоры Айгүл Ақсамбиева.
«Информбюроның» 30 жылдығы тек теледидар тарихындағы маңызды белес ретінде ғана емес, сондай-ақ Алматы төрінде күн сайын шахмат әлемінің жаңа партиялары ойналып, қызықты да тартымды нағыз халықтық бәсекелер өткізілетін спорт алаңының ашылуымен де есте қалады.



