
Кез келген өркениетті мемлекеттің басты тірегі – заң үстемдігі мен азаматтарының құқықтық қорғалуы. Қазақстанда соңғы жылдары бұл бағытта жай ғана қағаз жүзіндегі емес, қоғамның күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ауқымды өзгерістер басталды. Халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру мен бостандықтарды сот арқылы қорғау қазіргі реформалардың негізгі өзегіне айналды.
Айқын бағдар және халықаралық талаптар
Еліміздің құқықтық бағытын айқындау үшін 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасы қабылданғаны белгілі. Бұл – ұлттық заңнамамыз бен сот жүйесін алдағы жылдары қалай дамытатынымызды
көрсететін негізгі құжат. Оның басты мақсаты – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясына сай халықтың реформаларға деген сенімін ояту, саясатты барынша ашық ету.
Қарапайым тілмен айтқанда, біз өзімізді халықаралық стандарттармен өлшей бастадық.
Тұжырымдамада 5 нақты халықаралық индикатор бекітілген.
Олардың қатарында:
World Justice Project ұйымының құқық үстемдігі индексі,
Transparency International ұйымының жемқорлықты қабылдау индексі,
Дүниежүзілік экономикалық форумның полицияға сенім мен сот тәуелсіздігі көрсеткіштері,
Дүниежүзілік банктің басқару тиімділігі индексі бар.
Бұл – жүйеміздің әлемдік талаптарға сай жұмыс істеуі тиіс деген сөз. Осы бағытта қылмыстық заңнаманы да оңтайландырып, жаза тағайындау тетіктерін әділ ету үшін арнайы заң қабылданды.
Адам – ең басты құндылық: 2026 жылғы реформа
Қазақстанның саяси-құқықтық өміріндегі ең үлкен серпіліс – 2026 жылғы Конституциялық реформа. Бұл өзгерістердің ең маңызды жетістігі ретінде мемлекеттің «адамға бағдарланған» жаңа моделіне көшуін айтуға болады. Ендігі жерде адамның өмірі, оның бостандығы мен құқығы – бәрінен биік тұратын ең жоғары құндылық ретінде танылды.
Жаңа Конституция азаматты қорғаудың аясын айтарлықтай кеңейте түсті. Жеке бастың қол сұғылмаушылығы, тұрғын үй мен дербес деректерді қорғау, тіпті денсаулық сақтау мен білім алудағы әлеуметтік құқықтар мықтап бекітілді. Мемлекеттік басқару жүйесі де түбегейлі жаңарды. «Күшті Президент — ықпалды Парламент — есеп беретін Үкімет» қағидаты іске қосылды. Бір ғана палатадан тұратын Құрылтай құрылып, заң жобаларын үш кезеңмен мұқият қарау тәртібі енгізілді. Сонымен қатар, саяси жүйені одан әрі дамыту үшін пропорционалды сайлау жүйесі, Вице-Президент және Қазақстан Халық Кеңесі сияқты жаңа институттар дүниеге келді. Ал қарапайым халықтың құқығын қорғайтын адвокатураның мәртебесі тікелей Конституциямен бекітіліп, сот-құқықтық жүйе нығая түсті.
Сот тәуелсіздігі: Қағаз жүзінде емес, іс жүзінде
Сот әділ болмаса, ешқандай заң жұмыс істемейді. Сондықтан реформалардың тағы бір үлкен бағыты – судьялардың шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету. Бұрын соттардың қаржысын Үкімет шешетін болса, қазір қаржыландырудың мүлдем жаңа моделі енгізілді.
Заң бойынша барлық мемлекеттік шығыстардың кемінде 6,5 пайызы сот жүйесіне бөлінеді. Бұл
қаражатты билік емес, судьялардың өздері басқарып, өздері бөледі. Сот әкімшілігі құрылып, сот төрағалары әкімшілік жұмыстан босатылды.
Кадр мәселесінде де үлкен өзгерістер бар. Судьяларды тағайындау мен іріктеу толығымен Жоғарғы Сот Кеңесінің қолына өтті. Ал 2024 жылдан бері аудандық сот төрағаларын судьялар өздері жасырын дауыс беру арқылы сайлайтын болды. Бұл – судьялардың басшылыққа немесе басқа билік
тармақтарына жалтақтамауы үшін жасалған нақты әрі батыл қадам.
Азаматтардың билікпен дауында теңдік орнату үшін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс (ӘРПК) жұмыс істей бастады. Бұрын азамат мемлекеттік органмен соттасса, өзінің хақылығын өзі дәлелдеуі керек
еді. Қазір ӘРПК бойынша дәлелдеу ауыртпалығы мемлекеттік органға жүктелді. Яғни, шенеунік өз шешімінің заңды, негізді және әділ екенін өзі дәлелдеуі тиіс. Осының арқасында қазір азаматтардың талап
қоюларының 55-61 пайызы қанағаттандырылып жатыр.
Халық не дейді? Сандар сөйлейді
Жоғарыда айтылған өзгерістер халықтың сотқа деген көзқарасын өзгертті ме? Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы шілдедегі мәліметіне қарасақ, жағдайдың айтарлықтай жақсарғанын аңғарамыз. Қазір сот жүйесіне толық сенетін азаматтардың үлесі 69,7 пайызға жетті. Ал ішінара сенімді қосып есептегенде, бұл көрсеткіш 92,4 пайызды құрайды.
Сотқа мүлдем сенбейтіндердің үлесі небәрі 3 пайызға дейін азайған. Соңғы үш жыл ішінде
толық сенім көрсеткіші 14,5 пайызға өскен екен. Бұл көрсеткіштер – реформалардың халық көңілінен шығып жатқанының айқын көрінісі.
Сенімнің артуына соттардың ашықтығы мен жаңа жүйелер де көп әсер етті. Барлық сот ісін жүргізу түрлері бойынша тұтас кассацияның енгізілуі артық әуре-сарсаңды жойды. Соттар қабылданған актілердің мазмұнын қарапайым тілмен түсіндіре бастады, жеке қабылдаулар мен әлеуметтік желілердегі жұмыс жанданды. Сонымен қатар, елімізде дербес кассациялық соттардың жұмыс істей бастағанына бір жыл толды. Осы уақыт ішінде 11,6 мың шағым тіркеліп, оның 6,8 мыңы (яғни 58,5 пайызы) мәні бойынша қаралған. Бұл халықтың әділдікті жаңа сот сатысынан іздеп, оған үлкен сенім артып отырғанын көрсетеді.
Бүгінгі таңда Қазақстанның құқықтық саясаты қатып қалған қағидаларға емес, нақты адамның, азаматтың мүддесіне қызмет етуге бет бұрды. Соттардың ашықтығы, заңдардың адам құқығын қорғауға бейімделуі және мемлекеттік аппараттың халық алдындағы жауапкершілігі – мұның бәрі әділетті қоғам құру жолындағы сенімді қадамдар. Алдағы уақытта халықтың құқықтық мәдениеті мен сауаттылығы арта түскен сайын, бұл жүйелі реформалардың жемісі де еселене түсері анық.



