«Болмысымызға жат дүние»: Ерлан Карин тойдағы даулы уағызды сынға алды

Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан Жетісай ауданындағы тойда айтылған даулы уағызға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды tiek.kz.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Жетісайда өткен тойлардың бірінде тілектің орнына діни уағыз айтып, музыка мен аралас отырған әйелдер мен ерлерді сынаған адамның видеосы әлеуметтік желіде талқыланып жатыр.
Сондай-ақ оның әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атап, әйелдерге қатысты айтқан сөздері де үлкен шу тудырып жатыр.
“Біз мұсылманбыз. Мұсылман болғаннан кейін бізге шариғаттың үкімі болады. Ненің халал, ненің харам екенін Алла баттитып жазып кеткен. Аллаға шүкір, тойлардағы арақ деген бәледен құтылдық. Бірақ тағы екі нәрсе қалды. Бірі – музыка деген бәле. Одан да құтылуымыз керек. Шариғатқа мүлде сай келмейді. Екіншісі – ерлер мен ұрғашылардың бірге отыруы», — дейді ол.
Осыған байланысты Ерлан Қарин мұндай пікірлердің ұлттық болмысқа да, Қазақстанның зайырлы даму қағидаттарына да сәйкес келмейтінін атап өтті.
«Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деп жазған Ерлан Карин.
Ол сондай-ақ өнер мен мәдениетті дінге қарсы қоюды асыра сілтеушілік деп бағалап, Қазақстанның даму бағыты білімге, ғылымға, өнер мен мәдениетке негізделгенін айтты.
Ерлан Қариннің пікірінше, көпшілік алдында адамдарды кемсіту, әйелдерді алалау немесе өз көзқарасын өзгелерге күштеп таңу қоғамдағы әдеп нормаларына қайшы келеді.
«Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз. Еліміздің жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыруға ерекше мән беріп отырғаны да сондықтан. Ұлттық болмыс пен елдік ұстанымдарға қайшы келетін мұндай әрекеттерге қоғам болып тосқауыл қоюымыз қажет», – деді ол.



