Лувр жәдігерлері Қазақстанға келуі мүмкін: Париждегі қазақ мәдениеті күндері қалай өтті?

Париж төрінде қазақ өнері қалықтап, екі елдің мәдени байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Францияда өтіп жатқан Қазақстан мәдениеті күндері аясында Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев бірқатар маңызды кездесу өткізіп, ауқымды жобаларды келісті, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Еуропа жауһарлары елге келе ме?
Қазақстандықтар үшін басты жаңалықтың бірі – әлемге әйгілі Лувр музейінің жәдігерлері елімізде көрмеге қойылуы мүмкін. Арман Қырықбаев Лувр президенті Кристоф Лерибомен арнайы кездесіп, осы мәселені талқылады. Егер келіссөздер сәтті аяқталса, отандық өнер сүйер қауымға Еуропа жауһарларын өз елімізде тамашалауға бірегей мүмкіндік тумақ. Сонымен қатар, қос тарап музей саласындағы басқа да ортақ жобаларды іске асыруға уағдаласты.
Гастрольдер көбейіп, мамандар алмасады
Францияның Мәдениет министрі Катрин Пегармен өткен жүздесуде шенеуніктер құрғақ уәдемен шектелмей, нақты жоспарларды бекітті. Алдағы уақытта:
-
Қазақстандық және франциялық өнер ұжымдарының өзара гастрольдік сапарлары жиілейді;
-
Екі ел мамандары өзара шеберлік сабақтарын өткізіп, тәжірибе алмасады;
-
Театр, музей және архив ісі бойынша арнайы оқу бағдарламалары мен тағылымдамалар ұйымдастырылады.
Министрлер бұл байланыстың артуына Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макронның достыққа негізделген қарым-қатынасы тікелей ықпал етіп отырғанын атап өтті.
Парижды тамсантқан қазақ өнері
Мәдениет күндерінің ең шарықтау шегі – Париждегі тарихи «Мариньи» театрында өткен Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті. Француз көрермендері қазақтың дәстүрлі күйлері мен заманауи эстрадасын, ұлттық хореографиясын ерекше ықыласпен қабылдады.
Сахнада Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Әлішер Кәрімов, Ернар Садырбай (Amre), Зарина Алтынбаева сынды танымал әншілер, сондай-ақ «Астана Балет» театры мен HasSak этнофольклорлық ансамблі өнер көрсетіп, еуропалықтарды қазақ мәдениетінің байлығымен сусындатты.
«Президенттеріміздің өзара сапарлары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін берді. Бүгінгі гала-концерт халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға үлес қосатын тағы бір маңызды қадам боларына сенімдімін», – деді Арман Қырықбаев кештің ашылуында.
Айта кетейік, ауқымды шаралар аясында Франция астанасында Қазақстан киносы күндері өтіп, Бранли жағалауындағы Жак Ширак музейінде қос елдің зиялы қауымы бас қосқан дөңгелек үстел сәтті ұйымдастырылды.



