«Жәнібек «Канелоға» қаржылық тұрғыдан қызық емес» – бокс сарапшысы
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы екінші орта салмақ дәрежесіне ауысқаннан кейін оның алдағы қарсыластары ретінде Сауль «Канело» Альварес пен Хамза Шираздың есімдері атала бастады.
Алайда Олимпиада жүлдегері, бокс сарапшысы Виктор Демьяненко қазақстандық былғары қолғап шеберінің басты мәселесі салмақ дәрежесінде емес, оның мансабын дұрыс жүргізетін кәсіби команданың жоқтығында деп санайды.
«Жылына кемінде үш-төрт жекпе-жек өткізуі керек еді»
Демьяненконың айтуынша, Жәнібектің жаңа салмаққа ауысуы қаншалықты дұрыс шешім болғанын айту қиын. Өйткені мәселе оның физикалық жағдайында емес. Бұған дейін WBO отандық боксшыны рейтингке қосқан болатын.
Оның бұрынғы салмақта өзін қалай сезінгенін нақты білмеймін. Бірақ бір нәрсе анық: соңғы үш жылда тұрақты жекпе-жек өткізген жоқ. Бұл оның мансабын дұрыс жүргізіп отырған команда жоқ екенін көрсетеді. Менеджері ме, промоутері ме – кім жауапты болса да, неге оған жекпе-жек ұйымдастырылмайтынын түсіну қиын, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, әлемдік деңгейдегі чемпион жылына бірнеше рет шаршы алаңға шығып тұруы тиіс.
Ол бес жекпе-жек өткізгенде ғана жанкүйердің көз алдында болады. Сонда ғана оның есімі танылып, чемпиондық белбеулеріне сұраныс артады. Ал қазір бәрін қайтадан басынан бастауға тура келеді, – дейді Демьяненко.
«Жаңа салмақта да оңай болмайды»
Оның айтуынша, Жәнібектің екінші орта салмақта бірден үлкен жекпе-жектерге шығатынына күмән бар.
Қазір оған қарсы шығуға қарсыластардың өзі қаншалықты мүдделі болады – белгісіз. Өйткені Америкада да оны жақсы танымайды. Қазақстанда да, Еуропада да тұрақты жекпе-жек ұйымдастырылмайды. Сондықтан жаңа салмақта да бәрі оңай болады деп айта алмаймын, – деді ол.
Демьяненко Жәнібектің чемпиондық атақтарынан бас тартуы да белгілі бір деңгейде түсінікті шешім екенін айтты.
Бұрынғы салмақта міндетті қорғау жекпе-жектерін өткізу керек болатын. Бірақ оған мүмкіндік болмады. Сондықтан белбеулерден бас тартуға мәжбүр болды. Бұл, әрине, өкінішті жағдай, – дейді сарапшы.
«Канело» мен Ширазға қаржылық тұрғыдан қызық емес»
Жаңартылған рейтингте Жәнібек Әлімханұлы Сауль Альварестен кейін екінші орынға көтерілген. Соған қарамастан Демьяненко мұндай рейтингтің өзі үлкен жекпе-жекке кепілдік бермейтінін айтады.
Кәсіпқой бокста бәрін рейтинг шешпейді. Чемпион қарсыласын өзі таңдай алады. Ол рейтингтің төменгі бөлігіндегі, бірақ көрермен жинайтын, коммерциялық тұрғыдан тиімді боксшымен де кездесуі мүмкін. Сондықтан Жәнібек рейтингте жоғары тұр екен деп, «Канело» немесе Хамза Шираз міндетті түрде онымен жұдырықтасады деп айту қиын, – деді ол.
Сарапшының пікірінше, негізгі мәселе – Жәнібектің әлемдік нарықтағы танымалдығы.
Өкінішке қарай, көрермен оны әлі толық танымайды. Ол жеткілікті деңгейде насихатталмаған. Сондықтан ірі жекпе-жек ұйымдастырушылары үшін әзірге аса тартымды қарсылас емес. Бірақ оның чемпиондарды қызықтыра алатын жолын табады деп үміттенемін, – дейді Демьяненко.
«Бір жарым жылдық үзіліс – үлкен минус»
Соңғы жекпе-жегінен бері ұзақ уақыт өткендіктен, Жәнібектің бабы туралы нақты пікір айту қиын екенін айтты.
Боксшылар жыл бойы жаттығады. Бірақ күнтізбеде нақты жекпе-жек болмаса, дайындықтың да сапасы өзгереді. Бір жыл бойы дайындалып, кейін кездесу кейінге шегеріле берсе, бұл спортшының психологиясына да, физикалық жағдайына да оң әсер етпейді, – деді ол.
Сарапшының айтуынша, чемпион болған боксшы үшін жылына кемінде үш рет рингке шығу қалыпты көрсеткіш.
Жылына бес жекпе-жек болмаса да, үш чемпиондық қорғау кездесуін өткізуге болатын еді. Ал бір жарым жыл бойы жекпе-жексіз қалу – өте үлкен минус, – деді Демьяненко.
«Кәсіпқой бокс – ең алдымен бизнес»
Сөз соңында Виктор Демьяненко Жәнібектің кәсіби мансабына қатысты ең үлкен мәселені атады.
Кәсіпқой бокс – бұл ең алдымен бизнес. Жергілікті мамандармен емес, кәсіпқой бокста кәдімгідей беделі бар компаниялармен жұмыс істеуі керек. Жақсы менеджер мен мықты команда болмаса, жоғары деңгейде табысқа жету өте қиын. Жәнібекке дәл қазір ең қажет нәрсе – кәсіби тұрғыда дұрыс бағыттайтын, тұрақты жекпе-жектер ұйымдастыратын команда, – деп түйіндеді Олимпиада жүлдегері.
Айта кетейік, былтыр желтоқсан айында Әлімханұлының допинг сынамасы оң нәтиже көрсетіп, ол бір жылға жарыстардан шеттетілген еді.


