«Шайнамай жұтамын»: Жәнібек Әлімханұлы Канелоны жекпе-жекке шақырды

Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлемнің бұрынғы чемпионы Жәнібек Әлімханұлы (17-0, 12 КО) жаңа салмаққа ресми ауысқаннан кейін бірден дәрежесі өсіп, Бүкіләлемдік бокс ұйымының (WBO) жаңартылған рейтингінде 2-сатыға жайғасты, деп хабарлайды tiek.kz.
Ол рейтингіде тек мексикалық жұлдыз Сауль «Канело» Альвареске ғана жол беріп тұр.
Осы жылдың 21 шілдесінде «Qazaq Style» орта салмақтағы WBO титулынан бас тартып, 76,2 келіге дейінгі салмаққа ауысатынын хабарлаған еді.
Ол босатқан орта салмақтағы чемпиондық белбеу автоматты түрде уақытша чемпион болып келген британиялық Дензел Бентлиге (22-3-1, 18 КО) бұйырды.
Бұған дейін сарапшылар Жәнібектің супер-орта салмаққа келуі бұрыннан күтілген үлкен текетірестерге жол ашатынын айтқан еді. Нақты айтар болсақ, 31 қазанда мексикалық Сауль «Канело» Альварес пен WBC чемпионы Кристиан Мбили арасында жекпе-жеке өтеді өтеді. Осы жекпе-жектің жеңімпазы болашақта Әлімханұлының титул үшін негізгі қарсыластарының біріне айналуы әбден мүмкін.
Бүгін атақты Сауль Альваресті жекпе-жекке шақырғаны белгілі болды.
«Кей жанкүйерлердің көкейінде «Жәнібек Канелоны жеңе ала ма екен?» деген сұрақ бар сияқты. Егер Канело менімен шығуға батылы жетсе, жалпақ тілмен айтқанда оны шайнамай жұтамын! Құдай тәкаппарлықтан сақтасын, сенімді түрде айтайын, мен өз деңгейім мен оның деңгейін жақсы білемін!
Қазақтар осал емес! Кәсіпқой бокста өз орны бар ұлтпыз! Тілеулес жанкүйердің бәріне мың алғыс! Біз енді басқаша болып ораламыз! Супер орта салмақтың ағысын өзгерту үшін келдік!», — деп жазған ол өзінің instagram парақшасында.


