Тылсым

Ақтөбедегі жеке үйдің ауласында ыстық бұлақ пайда болды

Ақтөбедегі үй ауласынан шыққан ыстық судың нақты себебі әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.

Ақтөбеде Жүргенов көшесіндегі жеке үйдің ауласында бірнеше айдан бері әдеттегі судың орнына ыстық су ағып тұр. Үйде орталық сумен жабдықтау жоқ, ал 1998 жылы үй иесі құдық бұрғылаған. Ыстық су аға бастағанда, ол оны емдік су деп ойлаған, деп жазады diapazon.kz басылымы.

Айналадағы жұрт та емдік қасиеті бар термалды бұлақ деп сеніп, ағылып келіп жатыр. Алайда, мамандар бұл жағдайға мүлде басқаша күмәнмен қарайды.

Үй иесі, зейнеткер Ләззат Рахманованың айтуынша, баспанада орталық су құбыры болмағандықтан, ол 1998 жылы аулаға бұрғы салған. Шүмектен лап беріп ыстық су аға бастағанда, үй иелері мұны жоғарыдан келген ғажайып сыйға балап, шипалы су деп ұққан.

Аз уақыт ішінде бұл жаңалық әлеуметтік желілерде тез тарап, Рахманованың ауласы шелек пен құты арқалаған халыққа толды. Мұнда көрші ауылдардан ғана емес, Орал сияқты өзге қалалардан да емдік су іздеп келушілер үзілмейді. Үй иесі бұл суды ешкімге сатпайтынын, тек балаларға тәтті-мекелерін алу үшін өз еркімен қалдырған тиын-тебенді қабылдайтынын жеткізді. Күн сайын келушілер көбейгендіктен, Ләззат тіпті ауласына емделушілерге арнап душ кабиналарын орнатуды да жоспарлап отыр.

Алайда, бұл судың қауіпсіздігі мен шипалылығы қаншалықты шындыққа жанасады? Үй иесі суды санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің «Ұлттық сараптама орталығына» тапсырып, зертханалық тексерістен өткізген.

Сараптама қорытындысы судың құрамында зиянды қоспалардың жоқтығын және оның ішуге толық жарамды екенін растады. Дегенмен, орталық мамандары судың бойында қандай да бір емдік немесе шипалық қасиеттердің бар-жоғын анықтап бере алмады.

Бұл ерекше құбылысқа отандық ғылыми орта өкілдері күмәнмен қарайды. 54 жылдық өтілі бар гидрогеолог, Қазақстан Республикасы Минералдық ресурстар академиясының академигі Азамат Дүйшекенов мұндай тереңдікте термалды бұлақтың пайда болуын ғылыми тұрғыдан мүмкін емес деп санайды.

Ғалымның айтуынша, бұл өңірдегі жер бедері мен таулар ескі болғандықтан, табиғи ыстық сулар тек 1000 метрден астам тереңдікте орналасады. Ал қала аумағында бұрғыланған 10–80 метрлік қарапайым ұңғымалардан ыстық судың шығуы табиғи термалды бұлақ емес, жылу трассасынан немесе ыстық су құбырынан аққан судың жер асты қабатына өтіп кетуінің салдары болуы әбден мүмкін.

Мәселенің анық-қанығын білу мақсатында жергілікті коммуналдық мекемелерге де сауал жолданды. «Aqtobe su-energy group» АҚ өкілдері Т. Жүргенов пен Ы. Алтынсарин көшелерінің қиылысында сыртқы жылу желілерінің өтетінін растады. Бірақ мекеме мамандары жылу желілерінің темірбетонды арналарға төселгенін, сондықтан су құбырларымен тікелей жанасу немесе суық судың сырттан ысу мүмкіндігі толығымен сақтандырылғанын хабарлады.

Осылайша, Ақтөбедегі үй ауласынан шыққан ыстық судың нақты себебі әлі де жұмбақ күйінде қалып отыр.

Мамандардың сөзінше, бұл судың шынымен де емдік қасиеті бар-жоғын тек Курортология ғылыми-зерттеу институты жүргізетін арнайы терең сараптама ғана дәлелдей алады. Ал әзірге жергілікті тұрғындар мен алыстан келген меймандар бұл суды шипалы бұлақ деп сеніп, күн сайын ағылып келуде.

 

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button