Қазақстанда «Astana» деген атаумен отандық автобус шығарылатын болды

Қазақстанда «Astana» атауымен жаңа отандық автобус өндірісі іске асырылымақ. Бұл туралы Үкімет отырысында «Астана Моторс» компаниялар тобының төрағасы Нұрлан Смағұлов хабарлады.
Айтуынша,аталмыш жоба отандық автокөлік өндірісін дамыту мен жергілікті өндіріс үлесін арттыруға бағытталып отыр.
«Жоба Қытайдағы технологиялық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда. Автобустарды құрастыру кезінде әлемдік жетекші өндірушілердің бөлшектері пайдаланылады. Сонымен қатар көліктің сыртқы келбетін әзірлеуге қазақстандық инженерлер де қатысып, барлық өндіріс процесі еліміздің аумағында ұйымдастырылады», – дейді Нұрлан Смағұлов.
Компания басшысының мәліметінше, дизель және газбен жүретін автобустарды сериялық шығару осы жылдың қараша айына жоспарланған.
Жоба аясында отандық құрамдас бөлшектердің үлесін көбейту, жаңа жұмыс орындарын ашу және қоғамдық көлік паркін заманауи техникамен жаңарту көзделіп отыр. Сонымен қатар бұл бастама Қазақстанның автомобиль жасау саласындағы өндірістік әлеуетін күшейтіп, саланың әрі қарай дамуына серпін береді.
Бұған дейін кәсіпорын Қазақстанда BYD электр автобустарын шығара бастаған болатын.



