Қоғам
Тренд

«Бастарың істемейді»: Ақтаулықтардың Джеки Чанға шағымынан кейін облыс әкімі шұғыл түрде су мәселесін шешуді тапсырды

Ауыз судан тарыққан ақтаулықтар жақында өңірге келген Джеки Чаннан да көмек сұраған еді.

Ақтаулықтардың Джеки Чанға ауыз су мәселесін айтқан шағымынан кейін басшылар шұғыл жиын өткізгені белгілі болды, деп хабарлайды tiek.kz.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңейтілген отырыс өткізіп, «халыққа жандарың ашымайды, не бастарың істемейді!» деп суға жауапты қызметкерлерін сыбап алды.

Сондай-ақ, облыс әкімі ешқандай сылтау айтпай, терең зерттеу өткізіп тұрғындарды үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

«Негізінде жазда мұндай мәселе болмауы керек еді. Бүйткен едік, беруіміз керек еді деген сылтаулар. Не істеп отырсыздар? Бұл сылтауды халыққа барып айтып көр. Осы жерде, осы үстел басында Маңғыстаудың ауыз суына бүкіл жауапты мамандар отыр. Не сендердің жандарың ашымайды, немесе бастарың істемейді. Екеуінің біреуі. Басқа менің айтатыным жоқ. Түсінер едім егер ОСК-ға 20 мың қосылмаса, егерде жекеменшік екі-үш зауыт салынбаса, түсінер едік. Қолдан істеп отырған мәселе. Ешқандай сылтауды естігім келіп отырған жоқ. Терең зерттеу жасау керек. Нормативтің бәрін көтеру керек. Келесіде кім не істемеді, соған қатысты шешім қабылдайтын боламыз. Білмеймін күндіз-түні ұйықтамайсыңдар ма, басында қонасыңдар ма бір-екі күннің ішінде осы мәселелердің бәрі шешілетін болсын. Не істесеңдер оны істеңдер”, – деді облыс әкімі.

Айта кетсек, ауыз судан тарыққан ақтаулықтар жақында өңірге келген Джеки Чаннан да көмек сұраған еді.
Нақты айтар болсақ, қала тұрғындарының бірі актердің әлеуметтік желідегі парақшасына пікір қалдырып, өңірдегі ауыз су тапшылығы туралы жазған. Ол өз жазбасында «Құрметті Джеки Чан! Ақтау қаласына қош келдіңіз! Сізді дана әрі құрметті актер ретінде білеміз. Бірақ біздің үйде әр жаз сайын ауызсу болмайды. Бұл мәселе жылдан-жылға қайталанып келеді. Бұл – Ақтау тұрғындары үшін үлкен проблема», – деп атап өткен.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button