Энергетика саласының сарапшысы Олжас Байділдинов Үкіметті азаматтар мен бизнес өкілдерін жанармайды үнемдеуге шақыруға үндеді, деп хабарлайды tiek.kz.
Оның айтуынша, Энергетика министрлігінің нарықтағы жағдай тұрақты деген мәлімдемелеріне қарамастан, көрші елдердегі отын тапшылығы Қазақстанға да әсер етуі мүмкін. Мәселен, мұнай өнімдері бойынша Ресейге 90 пайыз тәуелді Қырғызстанда қазірдің өзінде жанармай тапшылығы байқалып, ел билігі өзге мемлекеттерден шұғыл түрде жеткізу жолдарын іздестіруде.

Халықаралық сараптамалық деректерге сүйенсек, Қазақстан аймақтағы жанармай бағасы ең арзан елдердің қатарында қалып отыр. Мұнда Аи-95 бензинінің литрі 69 цент, ал дизель отыны 73 цент тұрады. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейде бензин бағасы 94 цент, Қырғызстанда 1 доллардан асса, Өзбекстанда 1 доллар 34 центке жеткен. Маман елдегі бағаның төмендігі қуантқанымен, сыртқы факторлар аясында отандық нарықтың бұл деңгейді қаншалықты ұзақ ұстап тұра алатыны алаңдаушылық туғызатынын жеткізді.



