Тоқаев зейнетақы жинағын таңдауға мүмкіндік беретін заңға қол қойды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев зейнетақы активтерін басқару тәртібін өзгертетін заңға қол қойды. Енді салымшылар өздерінің зейнетақы жинақтарына арналған инвестициялық портфельді өз бетінше таңдап, қаражатының басқаруға берілетін бөлігін өздері айқындай алады.
Зейнетақы жинақтарын өзің таңдап, инвестициялауға болады
2026 жылғы 7 шілдеде мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Құжатта зейнетақы жүйесі, көші-қон саясаты, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты бірқатар өзгерістер көзделген.
Атап айтқанда, Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне «Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдері» атты жаңа бап енгізілді. Ол зейнетақы жинақтарын салымшы таңдаған инвестициялық портфельді басқарушы компанияның сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігін бекітеді.
Жаңа ережелер:
- Міндетті зейнетақы жарналарының салымшыларына;
- Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленетін жеке тұлғаларға;
- Ерікті зейнетақы жарналарының салымшыларына;
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушыларға қолданылады.
Ол үшін азамат БЖЗҚ-ға инвестициялық портфельді басқарушыны таңдау туралы өтініш беріп, зейнетақы активтерін орналастырудың өзіне қолайлы нұсқасын көрсетуі қажет.
Қазақстандықтарға инвестициялаудың үш стратегиясы ұсынылады
Заңға сәйкес, инвестициялық портфельді басқарушы компаниялар зейнетақы активтеріне арналған бірнеше инвестициялық портфель түрін қалыптастыра алады.
Азаматтарға үш нұсқа ұсынылады:
- Консервативті портфель – тәуекелі ең төмен инвестициялық стратегия;
- Теңгерімді портфель – табыстылық пен тәуекел арасындағы оңтайлы тепе-теңдікті көздейтін стратегия;
- Тәуекелі жоғары портфель – жоғары табыс табу мүмкіндігі бар, бірақ тәуекелі де жоғары инвестициялық стратегия.
Салымшылар бір немесе бірнеше инвестициялық портфельді өз бетінше таңдап, сенімгерлік басқаруға берілетін зейнетақы жинақтарының көлемін де өздері айқындай алады.
Мұндай инвестициялық портфельдерді қалыптастыру тәртібін қаржы нарығын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілейді.
Қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдау қағидалары өзгерді
Заңға енгізілген түзетулер қандастар мен қоныс аударушыларды өңірлік квотаға енгізу тәртібіне де өзгерістер әкелді. Енді жергілікті атқарушы органдар мынадай жағдайларда өңірлік квотаға енгізуден бас тарта алады:
- Ұсынылған құжаттарда жалған немесе дұрыс емес мәліметтер анықталса;
- Таңдалған өңірде квота болмаса;
- Өтініш беруші бұған дейін өңірлік квотаға бірнеше рет енгізілген болса;
- Жеке деректерге қол жеткізуге келісім берілмесе;
- Үміткер заңнамада белгіленген талаптарға сәйкес келмесе.
Сонымен қатар өңірлік квотаға енгізу туралы шешімнің күші жойылуы мүмкін.
Бұл мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:
Азаматтың өз еркімен қоныс аударудан бас тарту;
Шешім қабылданғаннан кейін үш ай ішінде белгіленген өңірге келмеу;
Квотаға енгізілгеннен кейін заң талаптарына сәйкес келмейтіні анықталу;
Көші-қон заңнамасын жүйелі түрде бұзу.
Өңірлік квотаның күші жойылған жағдайда азамат мемлекеттік қолдау шараларын алу құқығынан айырылады. Сондай-ақ бұл ерікті қоныс аударуға жәрдем көрсету туралы әлеуметтік келісімшартты бұзуға негіз болуы мүмкін.
Жұмыс берушілерге субсидия алу қиындайды
Заңға сәйкес, енді кейбір жұмыс берушілерге мемлекеттен субсидия берілмеуі мүмкін. Егер:
- Қызметкерлердің жалақысы 6 айдан астам уақыт төленбесе;
- Салықтар мен міндетті төлемдер бойынша 3 айдан астам қарызы болса;
- Қажетті құжаттар толық тапсырылмаса немесе олардың мерзімі өтіп кетсе;
- Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде қызметкерлермен жасалған еңбек шарттары туралы мәлімет болмаса;
- Ұсынылған құжаттар заң талаптарына сәйкес келмесе, онда субсидия беруден бас тартылады.
Бұл өзгерістер мемлекеттік қаржының мақсатты әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етіп, мемлекеттік қолдау алатын жұмыс берушілерге қойылатын бақылауды күшейту үшін енгізілді.
Stan.kz



