Алматы Орталық Азиядағы ең қымбат қала атанды

Numbeo сервисі 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығына арналған әлемдегі өмір сүру құны рейтингін жаңартты. Тізімге әлемнің 547 қаласы, оның ішінде Алматы мен Астана да еніп отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Зерттеу қорытындысы бойынша Алматы жалпы рейтингте 409-орынға жайғасса, Астана 469-орынға тұрақтаған. Бұл Алматыда өмір сүру құны Астанаға қарағанда жоғары екенін көрсетеді.
Рейтингті жасау кезінде азық-түлік бағасы, дәмхана мен мейрамхана қызметі, көлік, коммуналдық қызметтер және күнделікті шығындар есепке алынған. Дегенмен, тұрғын үй сатып алу мен ипотека төлемдері ескерілмеген.
Numbeo мәліметінше, Алматының өмір сүру құны индексі – 38,7 балл. Астанада бұл көрсеткіш 32,8 балл болды. Сондай-ақ, жалдау ақысын қоса есептегендегі жалпы өмір сүру құны индексі бойынша да Алматы қымбатшылық жағынан көш бастайды.
Орталық Азия қалалары арасында Алматы ең қымбат қала атанса, екінші орында Астана орналасқан. Одан кейін Ташкент, Бішкек және Душанбе қалалары тұр.
Әлемдік рейтингте бірінші орынды өмір сүру құны индексі 123,1 балл болған Цюрих иеленді. Ал алғашқы бестікке Джорджтаун (Кайман аралдары), Люцерн, Базель және Женева қалалары кірді. Ең төмен өмір сүру құны Үндістан қалаларында тіркеліп отыр.



