
1 шілдеден бастап электрсамокаттарды пайдалану талаптары өзгерді. Енді әрбір самокатқа жеке тіркеу нөмірі беріліп, пайдаланушылар үшін сақтандыру полисі міндетті болады. Сондай-ақ кикшеринг компаниялары самокаттардың техникалық жағдайын, жылдамдығы мен қозғалысын бақылауға міндетті болады, деп хабарлайды tiek.kz.
Мұндай құқықтық өзгерістер елімізде электрсамокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайту және жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр.
Жаңа ереже бойынша бүгіннен бастап кикшеринг қызметін ұсынатындар мен самокат тізгіндейтіндер мынадай талаптарға бағыну керек:
Тіркеу нөмірі және міндетті сақтандыру
Енді әрбір жалға берілетін электрсамокаттың жеке тіркеу нөмірі болады.
Бұл жол ережесін бұзған самокат мінушілерді көшелердегі бейнекамералар арқылы жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, сапар кезіндегі қауіпсіздікті арттыру үшін самокатты жалға алатын әрбір пайдаланушыға сақтандыру полисін рәсімдеу міндеттелді.
Кикшеринг компанияларына қойылатын талаптар:
Jet, Yandex, Whoosh секілді ірі шерингілік операторларға бақылауды күшейту міндеті жүктелді.
Компаниялар самокаттардың техникалық жағдайын тұрақты тексеруге; олардың жылдамдығы мен нақты орналасқан жерін (геолокациясын) қадағалауға; арнайы белгіленген аймақтарда жылдамдықты автоматты түрде шектеуге; қажетті мәліметтерді ішкі істер органдарына жедел ұсынуға міндетті.
Көлік қозғалысына қатысты шектеулер:
Жаңа талаптарға сай, самокаттардың қозғалыс бағыты пайдаланушының құжатына және жол инфрақұрылымына тікелей байланысты болады:
• Жүргізуші куәлігі жоқтарға жолдың жүріс бөлігімен (проезжая часть) жүруге толықтай тыйым салынады.
• Алдымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен қозғалу тиіс.
• Ондай инфрақұрылым болмаған жағдайда ғана жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат. Бірақ тротуардағы жылдамдық сағатына 6 шақырымнан аспауы керек.
Сондай-ақ, 25 тамыздан бастап электрсамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне толық тыйым күшіне енеді.
Басқа да қатаң тыйымдар:
• Самокатқа екі жолаушы немесе жүк тасымалдауға болмайды;
• Жаяу жүргіншілер өткелінен (зебрадан) самокаттан түспей, айдап өтуге тыйым салынады (жаяу өту керек);
• Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерсіз (фликкерлерсіз) жолға шығуға рұқсат жоқ.
Ішкі істер министрлігі барша азаматтарды жаңа талаптарды мүлтіксіз сақтап, жол қозғалысы қауіпсіздігіне жоғары жауапкершілікпен қарауға шақырады.



