«Бірнеше рет қастандық жасалған»: Денесі өртенген күйде табылған полицей туралы тың дерек шықты
Пышақтаған, оқ атқан,жақ сүйегін сындырған, мұрнын сындырған жағдайлар болған", – дейдіАслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі.

Сырт көзге спортшы, көпбалалы әрі үлгілі отбасы болып көрінген Әлсеровтердің шаңырағы бүгінде елдегі ең резонансты қылмыстық істердің біріне айналды. Алматы қаласы полициясының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатқан тұста тілшіміз оның бұрынғы әріптесімен сөйлесіп, марқұмның қызметтегі және өмірдегі болмысы туралы пікірін білді, деп хабарлайды Stan.kz.
«Қос тағдырды табыстырған мамандық»
Осыдан екі жыл бұрын Әлсеровтер отбасы көпшілікке полиция қызметкерлері арасындағы үлгілі жанұя ретінде таныстырылған еді. «Қайырлы таң Қазақстан» бағдарламасына қатысқан ерлі-зайыпты жеті баласымен бірге бейнебаянға түсіп, өздерінің танысу тарихын, отбасы құндылықтарын және бала тәрбиесіндегі ұстанымдарын бөліскен.
Бағдарламада Аслан Әлсеров 2008 жылы Алматы қаласының патрульдік полиция қызметінен еңбек жолын бастағанын, ал болашақ жары Арайлыммен қызмет барысында танысқанын айтқан. Оның сөзінше, екеуін полиция қызметі табыстырған. Ал жұбайы Арайлым Әлсерова Асланды батылдығы мен сабырлы мінезі үшін таңдағанын айтып, «Маған бәрі бойы ұзын, сымбатты жігітті таңдадың дейтін. Негізі өзі өте салмақты болатын. Өзім де сондай мінезді адамдарды ұнатамын» деген еді.
Бағдарламада олардың спортты өмір салтына айналдырған отбасы екені де көрсетілген. Аслан грек-рим күресімен айналысатынын айтса, Арайлым өзін джиу-джитсудан Қазақстанның алты дүркін чемпионы ретінде таныстырған. Ерлі-зайыпты жеті бала тәрбиелеп отырғанын айтып, ұлдарының джиу-джитсу, дзюдо және самбодан әлем чемпиондары екенін, ал қыздарының спорт пен шығармашылыққа жақын екенін мақтанышпен жеткізген.
Бағдарламада сөз сөйлеген үлкен қыздары Еркежан Қалиақпарова әкесін «кішкене қаталдау», ал анасын «өте сыпайы, бәрімізге жақсы қарайтын жан» деп сипаттаған.
Әріптестері де ерлі-зайыптыға жоғары баға берген. Олар Аслан Әлсеровті жұмыста сабырлы, күйзелісті жағдайда өзін жоғалтпайтын, білікті әрі үздік қызметкерлердің бірі деп сипаттаса, Арайлым Әлсерованы тәжірибелі маман, жас қызметкерлерге бағыт-бағдар беріп, жұмыстың қыр-сырын үйрететін әріптес ретінде бағалаған.
«Күйіп кеткен мәйіті таулы аймақтан табылды»
Алайда арада небәрі екі жыл өткенде сырт көзге үлгілі болып көрінген осы отбасының тағдыры күтпеген жерден қайғылы арнаға бұрылды.
Алматы қаласы Әуезов аудандық полиция басқармасының аға жедел уәкілі Аслан Әлсеровтің күйіп кеткен мәйіті Алматы облысы Кеген ауданындағы таулы аймақтан табылды. Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыс Алматы қаласында жасалған.
Күдікке марқұмның жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы және тағы бірнеше адам ілінді. Кейін кәмелетке толмаған күдіктілерге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Ал қорғаушылар олардың ұзақ жылдар бойы отбасындағы жүйелі зорлық-зомбылықтың құрбаны болуы мүмкін екенін мәлімдеді.
«Оны «Басар», «Слепой» деп атайтынбыз»
Осы іске қатысты кейін Аслан Әлсеровтің бұрынғы полициядағы әріптестерінің бірі редакцияға сұхбат беріп, марқұмды қызметте қандай адам ретінде танығанын, отбасы жайлы естігендерін және тергеудің қазіргі барысына қатысты өз көзқарасын айтты.
«Ең әуелі, оқиға туралы мәліметті көргенде, өлтірілген адамның Аслан екенін бірден түсінбедім. Өйткені біз оны ешқашан атымен атай бермейтінбіз. Қаладағы әріптестер арасында оны көбіне «Басар» немесе «Слепой» деп атайтынбыз. Өзі де өзін үнемі «Слепоймын» деп таныстыратын. Неге дәл солай аталғанын білмеймін, жай ғана солай қалыптасқан. Пәтер ұрлығы істерін ашуда ол нағыз кәсіби маман еді, қылмыскерлерді ұстауда өте мықты еді. Қаладағы ең тәжірибелі жедел уәкілдердің бірі саналды, ұсталған күдіктілердің саны да көп еді. Оған бірнеше рет қастандық жасалды. Пышақтаған, оқ атқан, жақ сүйегін сындырған, мұрнын сындырған жағдайлар болған», – дейді Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі.
Бұрынғы әріптесі Аслан Әлсеровті қызметіне жауапкершілікпен қарайтын, тәртіпті әрі спортты өмір салтына айналдырған азамат ретінде сипаттады.
«Адам ретінде мен оны өте сабырлы, бірақ өзіне де, өзгелерге де өте талапшыл жан ретінде есте сақтаймын. Оның өмірінде спорт әрдайым бірінші орында тұрды. Өзі де спортпен шұғылданатын, ал балаларын да спортқа баулыды. Instagram-дағы парақшаларынан байқағанымдай, балалары да спортшы. Үлкен ұлы джиу-джитсудан Азия чемпионы болған. Екінші асырап алған баласы да спортпен айналысты. Бойы ұзын, шамамен 187 сантиметр денелі, бұлшық еттері жақсы дамыған жігіт еді», – дейді әріптесі Жігер (аты өзгертілген).
«Бес уақыт намазын оқитын, діндар еді»
Әріптесінің айтуынша, марқұмды ешқашан ашушаң не ақыл-есі тұрақсыз адам ретінде көрмеген. Оның сөзінше, ол діндар, сабырлы болғанымен, балаларына өте талапшыл әке еді.
«Көршілердің айтқаны жөнінде ештеңе білмеймін. Бірақ оның балаларға өте талапшыл болғанын білемін. Олардың күн тәртібі қатаң еді. Түске дейін мектепте болатын, түстен кейін сабақтарын оқитын. Кейін жаттығуға кетіп, кешкі сағат 10-дар шамасында ғана үйге оралатын. Олар күрес, дзюдо, джиу-джитсумен айналысты. Егер балалар жаттығуды жіберіп алса, ол әке ретінде соған қатты алаңдап, ашуланатын. Оны озбыр, тиран әке болды деп айтуға бола ма, білмеймін. Бұл жаңалықты естігенде мен өзім де қатты таңғалдым. Оны ақыл-есі тұрақсыз немесе ашушаң адам деп айта алмаймын. Біз бірге қызмет еткен кезде, керісінше, өте сабырлы болды. Бес уақыт намазын оқитын, діндар, дұрыс адам еді», – дейді бұрынғы әріптесі Жігер.
«Жұбайы кезінде спортпен айналысқан»
Марқұмның бұрынғы әріптесінен экс-полицей ретінде күдіктілерге тағылған айыпқа қатысты пікір білдірді.
«Оның жұбайы кезінде спортпен айналысқан. Ішкі істер министрлігінің жүйесі бойынша күрестен жүлделі орындар алған. Сондықтан оларды әлсіз немесе нәзік адамдар деуге болмайды. Ал оларға тағылған айыпқа келсек, меніңше, мұның бәрі тергеу барысында дәлелденген. Оны өзіне тиесілі Chevrolet Onix көлігімен алып кеткен. Естігенім бойынша, осы үшін 38 литр жанармай сатып алған, жанармай құю бекетіндегі бейнекамералар оларды түсіріп алған. Егер оны басқа адамдар өлтірсе, полиция қызметкерлері оның отбасын негізсіз айыптай қоймас еді», – дейді экс-полицей Жігер.
Жігер қайғылы оқиғаға отбасылық жанжал себеп болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Оның пікірінше, балалар анасына араша түсуге тырысқан болуы ықтимал.
«Мүмкін, отбасында жанжал болған шығар. Балаларына араша түсуі мүмкін. Мысалы, ұлы жанжал кезінде анасын қорғауға тырысқан шығар. Мен Асланды өз басым сабырлы адам әрі кәсіби маман ретінде таныдым. Дегенмен отбасында озбырлық көрсететін адамдардың көбі мұны сырт көзге білдірмейді. Сондықтан айналасындағылар оларды үлгілі отбасы деп қабылдауы мүмкін», – дейді бұрынғы әріптесі.
Сондай-ақ ол құқық қорғау органдарындағы медициналық және психологиялық іріктеу жүйесі мұндай жағдайлардың алдын алуда қаншалықты тиімді екеніне де тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі тестілеу адамның психологиялық жай-күйін толық бағалай алмайды.
«Медициналық комиссия бәрін анықтайтын көрсеткіш емес. Ал психологиялық тестке, яғни кәсіби-психологиялық іріктеуге (ПФЛ) келсек, онда бір сұрақты он түрлі тәсілмен қайта-қайта қояды. Мысалы «Егер ақша салынған әмиян тауып алсаңыз, не істер едіңіз?» деген сияқты қарапайым сұрақтар. Сондықтан бұл тестке толық сенуге болмайды. Меніңше, оны психикалық ауытқуы бар адамның өзі де өте алады», – дейді Жігер.
«Жұмысынан кеткісі келген еді»
Кейінгі уақытта полиция қызметкерлерінің қатысуымен болған тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары жиілеп, қоғамда үлкен резонанс тудырып отыр. Соның ішінде балалардың көзінше әйелін өлтірді деген күдікке ілінген полицейдің ісі де жұртшылықтың назарын аударды. Осыған қатысты Алсеровтің бұрынғы әріптесі өз ойын айтты.
«Меніңше, бұл – ұзақ жыл қызмет еткен полиция қызметкерлерінің эмоциялық қажуының салдары. Күн сайын күйзеліс, үлкен жауапкершілік болады. Білуімше, екі-үш жыл бұрын «Слепойдың да» қызметте елеулі қиындықтары болған. Тіпті жұмыстан кетуге шешім қабылдап, рапорт та жазған. Бірақ кейін қалып қойды, өйткені өз жұмысын жақсы көретін. Дегенмен бұл қызметтегі психологиялық қысым өте жоғары. Қарамағыңдағы қызметкер бір қате жіберсе, соның жауапкершілігін өзің де бірге көтеруің мүмкін. Қазір полицияда жастар көп, ал тәжірибелі, аға буын қызметкерлер өте аз қалды», – дейді марқұм Аслан Әлсеровтің бұрынғы әріптесі.
Бұрынғы әріптесі Жігер марқұм Асланмен бір бөлімде қызмет етпесе де, жылдар бойы кәсіби байланысын үзбегенін айтады. Оның сөзінше, олар қылмыстарды ашу барысында бірге жұмыс істеп, түрлі қызметтік іс-шараларда жиі кездесіп жүрген.
«Полициядан кеткеніме 11 жыл болды, кейін қауіпсіздік қызметінде жұмыс істедім. Бірақ біз үнемі кездесіп жүрдік. Ортақ әріптестеріміз болды, қылмыстарды ашуда бірге жұмыс істейтінбіз (мен полиция қызметкерлеріне ақпарат беріп отыратынмын). Әртүрлі іс-шараларда бас қосатынбыз. Ол өте көпшіл жігіт еді. Алматы қаласының Алмалы ауданындағы ұрлық істері бөлімінде жұмыс істеді», – дейді ер адам.
«Ол туралы жаман пікір айта алмаймын»
Сондай-ақ экс-полицейден осы қылмыстық істегі назар аудартқан жайттар мен оқиғаның мән-жайына қатысты пікірін сұрадық. Оның айтуынша, бұл жағдай аффект күйінде жасалған болуы мүмкін.
«Оның үстіне әйелі тергеуші де, жедел уәкіл де емес. Ол сержанттар құрамында штабта қызмет атқарған. Яғни қылмыскерлермен күнделікті жұмыс істейтін қызметкер емес. Кез келген тәжірибелі жедел қызметкер бір нәрсені біледі. Егер адам қылмыс жасаса, оған басқаларды араластырмауға тырысады, өйткені бұл қосымша қылмыстық жауапкершілікке әкеледі. Ал бұл жағдайда, естігенім бойынша, әйелі де, ұлдары да кінәларын мойындаған. Кейін оларды үйқамаққа жіберген. Тергеу соты кінәсін мойындамаған адамды оңайлықпен үйқамаққа шығара қоймайды», – дейді Жігер.
Экс-полицейдің пікірінше, бұл жағдайда үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасының таңдалуына күдіктілердің бірі кәмелетке толмағаны және оларға GPS-бақылау құрылғыларының тағылуы ықпал еткен болуы мүмкін. Сондай-ақ ол отбасындағы зорлық-зомбылық жағдайларын дәлелдейтін видеолардың барын естіген.
«Бірақ мен мұны растамаймын және өз көзіммен көрген жоқпын. Айтуларынша, жарыстарда жеңіліп қалғаны үшін ұлдарын ұрып жатқан видеолары бар екен. Ол өте жақсы жігіт еді. Не болғанын білмеймін, мүмкін, бір нәрсе шегіне жеткен шығар», – дейді Аслан Әлсеров.



