Қоғам

«Жанарында үміт бар еді»: көз жұмған сарбаз Ербаянның дәрігері әсерлі жазба жариялады

Әскерде ауыр жарақат алып, жақында ғана көз жұмған Ұлттық ұлан сарбазы Ербаян Мұхтардың қазасы бүкіл елге ауыр тиді. Марқұмды ұзақ уақыт бойы емдеп, аяққа тұрғызуға барын салған дәрігер Ұлпан Советбекқызы әлеуметтік желіде сарбазбен қоштасу жазбасын жариялады, деп хабарлады tiek.kz.

Ол Ербаянның көзінен күн сайын өмірге, болашаққа деген үлкен үмітті көретінін, оның әрбір кішкентай жетістігіне бірге қуанып, армандағанын еске алды.

«Ербаян, сен өте қайсар, батыл, мейірімді әрі жарық жан едің. Сен еліміздің армияға үлкен үмітпен аттанатын көптеген жас жігіттерінің үніне айналдың. Соңына дейін күрестің және нағыз рух күшінің қандай болатынын көрсеттің», – деп жазды ол.

Жазбаға қоса жүктелген ақ-қара түсті фотосуреттен маманның төсек тартып жатқан сарбазға деген шынайы жанашырлығын, қамқорлығын байқауға болады.

«Ербаян шынымен де тек бір отбасының ғана емес, тұтас халықтың баласына, әскердегі әділдік пен қауіпсіздік мәселесінің символына айналып үлгерген еді.

Бұл қаза бәріміздің жүрегімізде үлкен бос кеңістік қалдырды. Батыр ұлдың жатқан жері жайлы болсын!

Бүгін жүрегімде үлкен бос кеңістік қалды. Сенің енді арамызда жоқ екеніңді қабылдау өте ауыр. Бірақ қазір сен ауырсыну мен азаптан ада жерде тыныштық таптың деп сенгім келеді… Құшақтадым сені», — делінген дәрігердің жүрекжарды жазбасында.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button