«Қандастар ренжіп, кері қайтып кетіп жатыр»: Мұрат Әбенов көші-қонға қатысты шикіліктерді сынға алды
Ол бұған дейін Ресейден келген 14 мыңдай адамның бір жылда ықтияр хат алғанын айтып, олардың қазақ тілін меңгергенін растайтын сынақтан өткеніне күмән келтірген болатын.

Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов көші-қон мәселесі бойынша жасаған мәлімдемесіне түсініктеме берді, деп хабарлады tiek.kz.
Ол бұған дейін Ресейден келген 14 мыңдай адамның бір жылда ықтияр хат алғанын айтып, олардың қазақ тілін меңгергенін растайтын сынақтан өткеніне күмән келтірген болатын.
«Бір мемлекеттен 14 мыңға жуық, дәлірек айтқанда 13 890 адам ықтиярхат (ВНЖ) алған екен. Өздеріңізге белгілі, қазір ВНЖ алу үшін міндетті түрде «Қазтест» тапсыру керек. Ал біздің қандастарымыз, өкінішке орай, сол тестті тапсыруға қиналып жүр. Осы тұста менде күмән туып отыр. Бір мемлекеттің 14 мың адамы қазақ тілін керемет біліп, оны еркін пайдалана алатынын дәлелдеп жатқанда, өз қандастарымыздың өте алмай қиналғанына мемлекеттік органдар әлі құлақ аспай отыр.
Біз қандастарға «Қазтест» талабын қолдануға болмайтыны заңда жазылғанын айттық. Бірақ біздің мемлекеттік органдар заңға қайшы келетін осы талапты әлі де ұсынып отыр. Сонда бұл заңға қайшылық жасаудағы мақсат қандай екенін түсіне алмадық», — дейді депутат.
Ал бұл өз кезегінде қандастардың көшіне тұсау салып отыр.
Өткен жылы елімізге шамамен 19 мыңдай қандас келса, биыл жыл басынан бері не бары 3 300 адам көшіп келген.
«Оның өзінде көшіп келген бауырлар орналасу бойынша қиындықтарға тап болып жатыр. ВНЖ дегеніміз — азаматтықпен өте ұқсас мәселе: жұмыс істеуге, пәтер сатып алуға болады, құжат 10 жылға беріледі. Ал біз қандастарға оңтүстік өңірлерде шектеу қойып тастадық. Қандастар ол жақтағы үйін сатып, жұмысынан босап келді, оларға қазір өте қиын. Олар ВНЖ-мен келеді, бірақ өзінің болашақ тұратын жері болғандықтан, бұрынғы азаматтығын қалдырады.
Сол себептен бұл мәселені қайта қарау керек. Қаншама адам қазір келіп, ренжіп, бұл жағдайдың дұрыс еместігін айтып, кері қайтып жатыр. Менің ойымша, бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды», — дейді ол.



