Дәріханаларда қолдан жасалған дәрілер сатылып келген
Бұл іске қатысты фармацевтикалық бақылау департаментінің лауазымды тұлғалары анықталып, ұсталды.

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қаласында дәрі-дәрмектерді көршілес мемлекеттерден контрабандалық жолмен әкелу схемасын ұйымдастырған төрт фармацевтикалық компанияның жолын кесті.
Олардың қатарында күшті әсер ететін дәрілік препараттар да болған, олар кейін ел аумағындағы дәріхана желісі арқылы сатылған.
Тергеу барысында іске қатысы бар тұлғалар дәрілік заттарды заңсыз түрде қолдан жасап өндірген. Ең қауіптісі, ондай дәрілердің ішінде психотроптық заттар бар препараттар да болған.
Контрафактілік өнімдер азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген, себебі олар санитарлық талаптар сақталмаған жерде дайындалған. Мұндай препараттарды қолдану адам денсаулығына қауіпті.
Жедел-іздестіру шаралары барысында бірнеше қойма мен жасырын өндірістік цех анықталды. Сондай-ақ, бұл іске қатысты фармацевтикалық бақылау департаментінің лауазымды тұлғалары анықталып, ұсталды. Олар заңсыз әрекетті ұйымдастырушыларға ақша үшін қамқорлық көрсеткен. Олардың әрекеттері Қылмыстық кодекстің 366-бабы – пара алу бойынша сараланған.
Арнайы бірлескен операция барысында заңсыз айналымнан ірі көлемдегі ақша қаражаттары, ондаған мың қорап жалған дәрі-дәрмек тәркіленді. Олардың ішінде айналымы шектеулі препараттар да бар. Сондай-ақ дәрілерді өндіруге арналған жабдықтар мен шикізат алынды. Бұл жалған медициналық өнімдердің заңды нарыққа түсуінің алдын алуға мүмкіндік берді.
Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Заңсыз әрекетке қатысы бар барлық тұлғаларды және дәрі-дәрмектердің жеткізу арналары, соның ішінде шетелден келетін жолдары да анықталып жатыр.



