Қоғам

«Отбасының жеке мәселесі»: Еңбек министрлігі Алматыда сәбиімен курьер болып жүрген әйел оқиғасына пікір білдіруден бас тартты

Алматыда қолындағы сәбиімен курьер болып жұмыс істеген ананың оқиғасы қоғамда қызу талқыланған еді. Дегенмен Еңбек министрлігі вице-министр Виктория Шегай бұл жағдайға пікір беруден бас тартып, мұны нақты бір отбасының жеке мәселесі деп атады, деп жазады Stan.kz.

Оқиға Threads әлеуметтік желісінде жарияланып, кейін қызу талқыланды. Жазба авторы қолында сәбиі бар әйелді Алматыдағы Брусиловский көшесі бойынан көргенін айтып, суретті желіге жүктеген.

“Қолында баласы бар қызды көріп, оған құрметім артты. Сол себепті суретін жарияладым. Өкінішке қарай, қасына барып көмек ұсынуды ойламаппын. Қазір соған өкінемін. Біреу танып қалып, көмектесер деген үмітпен бөлістім”, – деп жазды желі қолданушысы.

Жарияланымнан кейін желі қолданушылары әйелді іздеп, оған ақша, азық-түлік пен қажет заттар түрінде көмек ұсынған. Кейбірі суреттің шынайылығына күмән келтіріп, оны жасанды интеллект жасаған болуы мүмкін деген болжам айтқан. Алайда кейін суреттің де, әйелдің оқиғасының да шынайы екені анықталды.

Үкіметтегі брифингте Виктория Шегай бұл оқиғаны егжей-тегжейлі білмейтінін және нақты бір отбасының өмірлік жағдайына баға беру дұрыс емес екенін алға тартты.

“Бұл суретке қатысты пікір айту менің құзыретіме кірмейді. Біріншіден, оның қай жерде түсірілгенін білмеймін. Екіншіден, егер әңгіме бала күтімі демалысындағы ананың немен айналысуы керек екені туралы болса, бұл – отбасы бюджетіне және отбасы ішіндегі қарым-қатынасқа қатысты мәселе. Сондықтан бұл жағдайға пікір білдіру мен үшін дұрыс емес”, – деді ол.

Сондай-ақ журналистер Қазақстанда ана капиталын енгізу мүмкіндігі туралы сұрады. Вице-министр мемлекет жас отбасыларды түрлі жәрдемақы мен әлеуметтік бағдарламалар арқылы қолдап отырғанын жеткізді.

“Ана капиталына қатысты айтсақ, Қазақстанда жас отбасыларды қолдауға арналған кешенді жүйе қалыптасқан. Бұл ақшалай төлемдер ғана емес. Сонымен қатар табысы төмен немесе белгілі бір салада еңбек ететін аналар үшін жеңілдетілген ипотека алу мүмкіндігі де қарастырылған”, – деді Шегай.

Шенеуніктің жауабынан кейін журналистер бұл оқиғаның қоғамда үлкен резонанс тудырғанын еске салды.

“Үш күн бойы қазақстандықтар бұл әйелді іздеді. Өйткені бұл сурет ешкімді бейжай қалдырмады. Қолында сәбиі бар әйел Алматының аптап ыстығында жұмыс істеуге мәжбүр болған”, – деді журналист.

Оның айтуынша, кейін кәсіпкер әйелді тауып алған. Әйел өзінің тұрмыста екенін, алайда декрет төлемдері отбасының қажеттілігін толық өтемейтіндіктен, қосымша табыс табу үшін курьер болып жұмыс істейтінін айтқан.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button