«Шетелде тұратын Қазақстан азаматтары зейнетақыдан қағыла ма?»: Конституциялық Сот зейнетақы дауына нүкте қойды
Зейнетақы – адамның қай елде тұрып жатқанына емес, зейнет жасына жетуіне байланысты берілетін конституциялық кепілдік.

Бұған дейін заңнамадағы кейбір ережелер осындай шектеулерге жол беріп, қоғамда үлкен дау тудырған еді. Алайда Конституциялық Сот бұл мәселеге қатысты маңызды шешім шығарды, деп хабарлайды tiek.kz.
Сот шешімі бойынша, азаматтық сақталса, төлем де сақталады. Яғни сіз Қазақстан азаматтығын сақтап қалып, бірақ өзге мемлекетке тұрақты тұруға көшсеңіз, мемлекеттік базалық және жасына байланысты зейнетақы алу құқығыңыздан айырылмайсыз.
«2026 жылғы 18 мамырда Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Қазақстан азаматтарының шетелгетұрақты тұруға кетуіне байланысты зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі жөнінде №79-НҚ нормативтік қаулы қабылдады.
Соттың пікірінше, даулы ережелер азаматтардың жасына байланысты әлеуметтік қамсыздандыруға арналған конституциялық құқықтарын іске асыруға шектеу қоюы және олардың тұрғылықты жеріне қарай құқықтар көлемінде айырмашылықтар туғызуы мүмкін. Конституциялық Сот зейнетақымен қамсыздандыру құқығына Конституция кепілдік беретінін және оның азаматтың шетелде тұруына байланысты шектелмеуге тиіс екенін атап өтті. Өзге мемлекетке тұрақты тұруға кеткен Қазақстан азаматтары азаматтығын сақтайды, ал онымен бірге конституциялық құқықтары мен кепілдіктері де сақталады. Конституциялық бақылау органы зейнетақымен қамсыздандыру, ең алдымен, азаматтың тұрғылықты жерімен емес, зейнет жасына жетуімен және заңда көзделген талаптарға байланысты екенін атап көрсетті. Нәтижесінде Конституциялық Сот заңда көзделген өзге де талаптар сақталған жағдайда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі мен жасына байланысты зейнетақы төлемін тағайындау және алу құқығын іске асыру кезінде Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру талабы азаматтарға қолданылмайды деген қорытындыға келді», — делінген ҚР Бас прокуратура таратқан хабарламада.
Зейнетақы – адамның қай елде тұрып жатқанына емес, зейнет жасына жетуіне байланысты берілетін конституциялық кепілдік. Ол елден біржолата кеткен немесе шетелдіктерге ғана қолданылмайды.
Яғни, шетелде тұратын отандастарымыз енді өздерінің заңды зейнетақысын еш кедергісіз ала алады.


