
Қазақстанның саяси сахнасына келіп қосылып жатқан жаңа ойыншы — «Әділет» партиясы ресми тіркеліп, белсенді әрекетке көше бастады. Президент әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебай жетекшілік ететін бұл құрылым бірден ірі қоғамдық бірлестіктер мен салалық қауымдастықтардың қолдауына ие болатын секілді, деп хабарлайды tiek.kz.
Олай дейтін себебіміз, кеше еліміздегі бірқатар ірі қоғамдық бірлестіктер мен салалық қауымдастықтар «Әділет» саяси партиясымен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін мәлімдеді.
Олардың ішінде:
«PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы
Қазақстан инвесторлары қауымдастығы
Қазақстан тау-кен палатасы
Қазақстан автомобиль одағы
«Qazaq Green» қауымдастығы
Women in Tech Kazakhstan Қазақстандағы жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы
Қазақстан кинематографистер лигасы
«Жаңа адамдар» және «Дала қырандары» қоғамдық бірлестіктері секілді үлкен күштер бар.
Расы керек, бұл Әділеттің саясат сахнасы үлкен дайындық пен стратегиялық есеппен келіп қосылып жатқанын көрсетеді. Коалицияның негізгі құрамдас бөліктері болғалы отырған бұл команданың артында ірі бизнес және өндірістік блок, яғни экономикалық тірек тұр деген сөз. Тағы бір айта кетерлігі, бұл жерде мыңдаған жұмысшы, яғни дайын электорат тұр. Миллиардтаған долларлық айналым, зауыттар және мыңдаған жұмысшылары бар бұл құрылымдар партияға нақты экономикалық қуат беретіні даусыз.
Сондай-ақ бұл блок өз кезегінде партияға заманауи, прогрессивті, батысшыл имидж қалыптастырады. Бұл өз кезегінде цифрлық активтер, крипто және ЖИ-ді реттеу заңдарын өзгертері сөзсіз. IT-секторға арналған салықтық жеңілдіктерді сақтауды көздейді.
Сонымен Андрей Лаврентьев (Allur Group, «Қармет» АҚ), Жұмабек Жанықұлов («PARYZ» жұмыс берушілердің ұлттық конфедерациясы) сияқты ірі өндіріс және машина жасау магнаттары келіп қосылып жатқан бұл саяси партиядан не күтуге болады?
Әлбетте бұл құрылымдар басқа күштер секілді протекционистік заңдар арқылы ішкі нарықты қорғау, мемлекеттік субсидиялар мен салық жеңілдіктерін сақтау, Жер қойнауы және инвестициялық заңнамаларға ықпал етуге тырысатыны даусыз. Оның үстіне АХҚО (AIFC) басқарушысы Ренат Бектуровтың партия басшылығындағы рөлі жаңа қаржылық элита мен Ақорданың байланысы жақсы екенін көрсетеді.
«Жасыл» және технологиялық лоббистер дәуірі келе жатыр
Тағы бір жорамал «Qazaq Green» қауымдастығы жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) инвесторлары мен халықаралық қорлардың мүддесін көздеуі мүмкін. Яғни олар да экологиялық заңнаманы қатайту арқылы дәстүрлі энергетикадан белгілі бір мөлшерде үлес, орын алып қалуға ұмтылады.
Сол секілді Жасанды интеллектті дамыту қауымдастығы мен Women in Tech Kazakhstan IT-сфераның жас миллионерлері мен халықаралық корпорациялардың өкілдері де мұндай сәтті құр жібермеуге тырысады.
Креативті фронт жасақталады
Қазақстан кинематографистер лигасы медиа және идеологиялық ықпал үшін маңызды. Продюсерлер мен режиссерлер мемлекеттік субсидияларды бөлуге және цензура мәселелеріне ықпал етуді көздейді.
«Жаңа адамдар» және «Дала қырандары» қоғамдық бірлестіктері жастарды тарту және көше белсенділігін ұйымдастыруға жауапты. Бұл ұйымдар мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істейді және «Аманаттың» ескі жастар қанатынан ерекшеленетін жаңа формат ұсынады.
Екінші «Аманат» әлде технократтар тобы ма?
Сарапшылар «Әділет» партиясының классикалық үлгідегі партия болмайтынын айтады.
Бұл элиталық-технократиялық коалиция. Құрамында ескі бюрократия емес, жаңа экономиканың (өндіріс, металлургия, авто, инвестиция, IT, жасыл энергетика) нақты қожайындары шоғырланған. Яғни қаржылық әлеуеті жағынан елдегі кез келген басқа партияны, тіпті «Аманатты» да басып оза алуы әбден мүмкін.
Сонымен қатар, мобилизациялық ресурсы өте бай — яғни жүз мыңдаған жұмысшы мен кәсіпорындар арқылы әкімшілік-енбек ресурсы өте жоғары болмақ.
Бұл өз кезегінде «Аманат», «Ақ Жолдың» бизнес-қанатын және «Республиканың» креативті-жастар нишасын толық жұта салуы мүмкін деген жорамалды растай түседі.
Қысқасы «Әділет» — капитал, жаңа технология және идеологиялық ресурстардың басын қосатын тың ұйым болатын секілді.



