Арыстанбек Мұхамедиұлы басып алған тағы бір орталық мемлекетке қайтарылды
Құны 1,3 миллиард теңге болатын «Қазақ энциклопедиясы» қайтарылады.
«Қазақ энциклопедиясы» мемлекетке қайтарылды, деп хабарлайды tiek.kz.
Бас прокуратура бұрынғы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлымен байланысты компанияның иелігіндегі Қазақ энциклопедиясы мемлекет меншігіне қайтарылғанын хабарлады.
Прокуратураның мәліметінше, 2015 жылы энциклопедияны жекешелендіру заң талаптарын бұза отырып жүргізілген. Соның салдарынан Алматыдағы ауданы 2,1 мың шаршы метр болатын ғимарат пен басқа да активтер жеке меншікке өтіп кеткен.
Прокуратура сотқа жүгініп, жекешелендіру келісімін және кейін жасалған мәмілелерді жарамсыз деп тануды талап етті. Кассациялық сот бұл талапты толық қолдады.
Осылайша, құны 1,3 миллиард теңге болатын мүлік мемлекетке қайтарылады.
Еске салайық, Арыстанбек Мұхамедиұлы 2023 жылы бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен сотталған. Кейін оған қатысты тағы бір іс қаралып, жаза мерзімі 11 жылға дейін ұзартылған болатын.



