Қоғам

«Күмәнім бар»: журналист Жалпақталдағы Эйфель мұнарасына қатысты сауал тастады

Бірақ оның қауіпсіздігі және адам өміріне зияны туралы ойланғандар бар ма?

Жалпақталдағы Эйфель мұнарасы қауіпсіз бе?
Париждегі әйгілі Эйфель мұнарасының салынғанына 130 жыл. Орнынан мызғымаған күйі ғасырлар бойы халыққа қызмет етіп келеді. Ал Франция қазынасына туризмнен миллиондаған доллар әкеп жатыр.
Батыс Қазақстанда Жалпақтал ауылындағы Эйфель мұнарасының көшірмесіне қатысты әртүрлі пікірлер бар. Жұрт мұны жақсы бастама әрі туған ауылға жасалған сыйлық деп бағалайды. Жергілікті тұрғындар әсіресе қатты қуанышты. Айтпаған, жазбаған ел қалмады. Жалпы жағымды пікір басым.
Қыруар қаражат жұмсалған деп жатыр. Сырттай көркем әрі көз тартар дүние екеніне дау жоқ. Эмоция, қуаныш бәрі артта қалды. Бірақ оның қауіпсіздігі және адам өміріне зияны туралы ойланғандар бар ма? Әлбетте мұны жергілікті атқарушы билік бір ой елегінен өткізіп, инициатива иелерімен ақылдасқан шығар.
Десе де бір нәрсеге келгенде күмәнім бар.
Сәулетші, құрылысшы, техникалық қауіпсіздік мәселесіне жауапты мамандар, тіпті инженерлердің пікірі ескерілмеді-ау! Ол кем дегенде 40 метрге жуық алып конструкция болғандықтан, жел шайқап, су шайып, жауын-шашын тиіп, түрлі стихиялық апаттардың әсеріне төтеп бере ме? Мұнараның бойымен жүргізілген электр сымдары мен шамдар адамды тоқ соқпайтындай қауіпсіз бе? Жалғанған тұсындағы дәнекерлеу жұмыстары сапалы шығар?
Мұндай құрылыстың жобасы, инженерлік есептеулері болады. Ғалымдар мен мамандар қортынды береді. Оның іргетасы мықты ма, металы сапалы ма, дәнекерленген жерлері мығым ба, коррозияға қарсы қорғанысы қалай және оны әрі қарай күтіп ұстаудың нақты тәртібі қарастырылған ба? Адамдардың қауіпсіздігіне қатысты мәселеде осындай сауалдың туындауы заңды деп ойлаймын.
Мамандар мұндай қауіптің ешбірі жоқ, бәрі ескерілген десе сөз жоқ. Жергілікті атқарушы билік мұның бәрі ескеріліп, рұқсат берілді десе, әңгіме бар ма? Түлектердің бастамасын құрметтеп, Жалпақтал ауылы үшін жүздеген жыл қызмет етсін деп тілейміз.
Журналист Ришат Асқарбекұлының facebook парақшасынан

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button