Интеллект дәуірі
Тренд

«+7 болып қала береді»: Қазақстан +997 кодынан бас тартты

Бастапқыда еліміз өз алдына жеке +77 немесе +997 кодына көшуді жоспарлаған еді.

Қазақстан Ресеймен бірге қолданып келген халықаралық +7 телефон кодынан бас тартпайтын, керісінше оны біржолата сақтап қалатын болды.  Нақты айтар болсақ, Ресеймен арадағы телекоммуникациялық келісім бойынша тең құқықты мәртебесін халықаралық деңгейде бекітіп отыр.

Бұл туралы Қазақстаның Дүниежүзілік сауда ұйымы және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Төребаев мәлімдеді.

«Еліміз халықаралық телефон коды — +7 цифрын пайдалану бойынша Ресеймен тең құқықты серіктес мәртебесін ресми түрде бекітті. Жаңа келісімнің жай-жапсары халықаралық электр байланысы одағының ресми бюллетенінде 1 маусымда жарияланады деп күтілуде. Келісім 2025 жылғы 3 желтоқсанда күшіне енген және мерзімсіз негізде жасалған», — дейді Қайрат Төребаев.

Жаңа құжатқа сәйкес, Қазақстан +7 телефон аймағын бірлесіп пайдалану жүйесінде тең құқықты тарап ретінде бекітілді. Елге тиесілі нақты нөмірлік диапазондар +7 0, +7 6 және +7 7 негізінде айқындалады.

Бастапқыда еліміз өз алдына жеке +77 немесе +997 кодына көшуді жоспарлағанымен, бұл шешім қайта қаралды. Бұған бірнеше салмақты себеп әсер етті:

Қаржылық шығындар: Жаңа кодқа ауысу тек мемлекет үшін емес, барлық отандық байланыс операторлары, банктер және ірі компаниялар үшін орасан зор қаржылық шығынды талап ететін еді.

Техникалық қиындықтар: Миллиондаған абоненттердің деректер базасын жаңарту, халықаралық сервистердегі (мысалы, Google, Apple, Telegram, банк қосымшалары) тіркелгілерді жаңа кодқа көшіру үлкен логистикалық және техникалық қиындықтар тудырар еді. Азаматтар үшін де біраз уақытқа қолайсыздық орнары анық еді.

Халықаралық келісім: Қазақстан мен Ресей Федерациясының Цифрлық даму министрліктері өзара жаңа келісім жасасып, +7 кодын бірлесіп пайдалануды жалғастыруға уағдаласты.

Мамандардың айтуынша, бұл диапазон еліміздің байланыс қажеттіліктерін алдағы ондаған жылдар бойы еш таршылықсыз өтеуге толық жетеді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button