Қоғам

«Әкім жалғыз өзі немесе бізге қарсы шешім қабылдай алмайды» — Мюнхен мэриясында істейтін қазақ қызы

Ол жақта дәл біздегідей креслосын пайдаланып, тегін ас ішіп, барған жерінен бірдеңе қолтықтай кету деген жоқ екен.

Германияда қарапайым әкімшілік қызметкерлері әкімнің қателігін бетіне айтып, түзету еткізе алады. Бұл неміс қоғамы үшін қалыпты норма. Бұл туралы Мюнхен әкімшілігінде жұмыс істейтін жалғыз қазақ қызы Мәншүк Назарбай tiek арнасына берген сұқбатында айтып берді.

«Мюнхен әкімшілігінде бізде қатаң иерархия жоқ. Әрине, бастығымыз — әкім, бәріміз оған бағынамыз, бірақ әкім жалғыз өзі немесе бізге қарсы шешім қабылдай алмайды. Бәріміз бірлесіп жұмыс істейміз. Егер әкім бұрыс қадам жасаса, оны ашық айтуға міндеттіміз. Өйткені біз халық үшін және халықтың салығы есебінен жұмыс істеп жүрміз», — дейді ол.

Бір қызығы, ол жақта дәл біздегідей креслосын пайдаланып, тегін ас ішіп, барған жерінен бірдеңе қолтықтай кету деген жоқ екен.

«Бізде әкімнің өз пайдасына бірдеңе алуы немесе кешкісін біреулердің шақыртуымен тегін қонақ болуы (мейрамханаға баруы) деген атымен жоқ. Кез келген шақырту арнайы тексеретін бөлімге жіберіледі. Ол жерде бекітілген сома есептеледі», — дейді Мәншүк Назарбай

Сол секілді сыйлық беру, сый алу мәселесі де қатаң тәртіпке негізделеді.

Бізге сыйлық алуға тыйым салынған. Мәселен, әкімшілікке келген туристер немесе жергілікті тұрғындар сыйлық бергісі келсе, оның құны 20-25 еуродан аспауы тиіс. Жаңа жылда маған бір сыйлық берілген еді, мен оны әкімге көрсетіп, рұқсат алдым. Біздің мекемеде сырттан сыйлық алу мәселесі өте қатаң бақыланады, тіпті тиын-тебенге дейін есептеледі», деп атап өтті ол сұқбатында.

Мәншүк Назарбай — Германияның Мюнхен қаласының әкімдігінде (мэриясында) қызмет етіп отырған қазақ қызы. Ол 2001 жылы Германияға оқуға кетіп, кейін сол жақта қызмет бабымен қалып қойған. Жақында tiek арнасы отандасымыздан арнайы сұқбат алған еді. Сұқбат барысында ол өзінің жеке өмірі, қызмет жолы, Германиядағы салық жүйесі, қоғамдық тәртіп, шенеуніктердің жалақысы мен жемқорлықпен күрес мәселелерін айтып берді. Сұқбаттың толық нұсқасын мына жерден көре аласыздар:

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button