
25 мамыр — Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің туған күні.
Ол — майдан даласында шыңдалып, егемен елдің айбынды армиясын құрған, бүкіл саналы ғұмырын Отан қорғауға арнаған бірегей тұлға.
Сағадат Нұрмағамбетов 1924 жылы Ақмола облысының Ақкөл ауданында дүниеге келген. Өрімдей жас шағында, 1942 жылы екінші дүниежүзілік соғыстың отты құшағына енді. Түркіменстандағы пулеметшілер училищесін бітіргеннен кейін, 1943 жылдың сәуірінен бастап майданның алдыңғы шебінде болды.Ол Солтүстік Кавказ, Украина, Молдова, Польшаны азат етуге қатысып, Берлинді алуға дейінгі қанды шайқастарды бастан өткерді.
Рейхсканцелярияны шабуылдау кезінде көрсеткен асқан ерлігі мен шебер қолбасшылығы үшін 1945 жылдың 27 ақпанында 21 жастағы Сағадат Нұрмағамбетовке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі
Кеңес Одағы ыдырап, Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған сын сағатта елге кәсіби, тәжірибелі әскери жетекші ауадай қажет болды. 1992 жылдың мамырында Мемлекет басшысының Жарлығымен Сағадат Нұрмағамбетов Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі болып тағайындалды.
Бұл уақыт ел тарихындағы ең күрделі кезең еді.
Тәуелсіз елдің дербес Қарулы Күштерін нөлден бастап қалыптастырды.
Әскери бөлімдерді, техника мен кадрлық құрылымынының негізін құрды.
Тұңғыш министр ел армиясының іргетасын қалап қана қоймай, оның халықаралық деңгейдегі беделін арттырды.
Ерен еңбегі үшін ол 1994 жылы тәуелсіз Қазақстанның ең жоғары марапаты — «Халық Қаһарманы» атағына ие болып, №1 Алтын Жұлдызды алды.
Бүгінде Батырдың есімі Қазақстанның әскери тарихында алтын әріптермен жазылған:
Елордадағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне Сағадат Нұрмағамбетовтың есімі берілген.
Еліміздің бірнеше қаласында батырға ескерткіштер қойылып, көшелерге есімі берілген.



