«Тілеуханов қайнағасы сияқты 4 әйел ал дей ме?»: Зиялы қауым өкілдері Мұхамбетжан Тазабековтің Оралға келуіне қарсылық білдірді
Кеше ғана Алматыдағы әскери оқу орнында қайрат сатыбалдының “дәріс” оқуы мен мынау сұмпайылық - бұлардың қайтадан белсенді әрекетке көшкендігінің ашық көрінісі!

Әлеуметтік желіде Оралдағы Қадыр Мырза Әлі орталығында Мұхамбетжан Тазабековпен кездесу өтеді деген ақпарат тарады. Бұл туралы белгілі ақын Ақұштап Бахтыгереева хабарлады. Ақын Тазабектің бұл кездесуінің саяси астары бар екенін айтады, деп хабарлады tiek.kz.
«SOS! ОРАЛЫМ,МЕНІҢ,ОРАЛЫМ!
Бүгін Оралда Қадыр Мырза Әлі орталығы Мұхамбетжан Тазабековпен кездесуге шақырады..
Қадыр Мырза Әлі орталығы мемлекеттік мекеме еді, жекеменшікке өтіп кеткен жоқ па екен?/рұқсат берген кім?/
Президентіміз 16-мамырда Кітап оқитын ұлт боламыз деген Жарлыққа қол қойды.
Біз Қадыр ақынның 6767 кітабын көшіріп әкеліп,он жыл өткесін, енді ашып оқуға кіріскелі отыр едік….
Сол тұста Қайрат Сатыбалды, Бекболат Тілеухан, Дикий Арманның құшағынан шыққан, айтыстағы»құбылыс» Мұхамбетжан Тазабеков ел-жұртпен кездесу үшін Оралдағы киелі орталықты таңдапты.
Жапондардың әлем алдына шыққан «Ахикабарада» дамыған техниканы көріп келгенін,адамзатты тек ғылым дамытқанын айтар ма екен?
Әлде,соғысып жатқан Иранның Мешхет қаласындағы Мұхамбет пайғамбардың немересі Резаның қабірін сипауға барыңдар дей ме екен?
«Отбасы құндылығы» жайында, Бекболат Тілеуханов қайнағасы сияқты 4 әйел ал дей ме?
Ақ сүт берген Анаңды өлген бойда көм дей ме?
Сан түрлі діни ағымдар еніп кеткен Батыс өңірге осы «пәленің» келуі маған жұмбақ.
Қандай саясат? Қандай үгіт?
Айтыс жайлы не демек?
Айтыс — қазір бизнес.
Барыңдар кездесуге.
Тәңірші болу,салафит болу, ақ жамылу,қара жамылу , талақ болу , суайт болу,зымиян болу — өз еркіңіз ғой…», — деп жазған ақын өзінің facebook парақшасында.
Бұл кездесуді зиялы қауым өкілдері шектен шыққан деп бағалап жатыр. Белгілі ақын Айт-Ман Нұржанның айтуынша, бұл таза бассыздық.
«Мынау масқара бассыздық — экстремистік қандықол ұйым салафиттердің идеологы м.тазабековтің Оралдағы Қадыр ұстаз Мырза-Әлінің рухани ордасында кездесу өткізуі, бұл шектен шыққандық! Бұл — Қаңтар қырғына дұрыс саяси баға берілмегендігінің анық теріс нәтижесі! Кеше ғана Алматыдағы әскери оқу орнында қайрат сатыбалдының “дәріс” оқуы мен мынау сұмпайылық — бұлардың қайтадан белсенді әрекетке көшкендігінің ашық көрінісі! осынау сатыбалдыны экономикалық қылмысқа ғана тартып, артынан босатып жіберу, оның інісі самат әбішті “8 жылға сырттай соттау” сияқты сорақылықтар, қырғын алдында Парламентті тастап шетелге қашып кеткен б.тілеуханның бәрі апа-сапа болғасын елге қайтып келіп сайрандап жүруі, мұның бәрі халықаралық қауымдастық алдында мемлекетіміздің беделіне нұқсан келтірері ақиқат! Бұлардың нақақ төгілген 238 қазақтың құны, арқаларына үтік басылған бейшаралардың обалы, арысы 30 жыл бойы мігірсіз жүргізілген қатерлі идеологиялары үшін Заң алдында жауап беретін уақыты жетті! Ал мынау діннен азған мүртетті Оралға шақырып, кездесу ұйымдастырмақшы болған “қамқорлар” кімдер? Олармен тиісті орындар айналысып, ылайықты шарасын алулары керек!», — деп жазған ақын.
Қоғамның сыны ескерілген болуы керек, жоспарланған бұл кездесу өтпей қалған.
Qadyr Myrza Álı Ortalyǵy кездесу болатыны туралы бұған дейін жариялаған хабарламасын өшіріп, орнына Тазабекпен кездесудің белгілі себептермен тоқтатылғанын хабарлады.




