Қоғам

Журналист Ботагөз Омарова құрылыс компаниясынан кешірім сұрады

«Айтпа, Ботагөз» Telegram-арнасының авторы, журналист Ботагөз Омарова «ВД Строй-Инжиниринг» компаниясы мен оның директоры Азамат Үсімбеков туралы бұған дейін жариялаған ақпаратының жалған екенін мойындап, ресми түрде теріске шығарды. 

Мәлімдемеге сәйкес, Омарова осы жылдың 20 ақпаны мен 7 наурызы аралығында Instagram және Telegram парақшаларында аталған компанияның Астанадағы ат спорты кешенінің құрылысы бойынша «Ремстрой-1» жұмысшыларына қарызы бар деген ақпаратты таратқан еді.

«Мен жариялаған бұл мәліметтер шындыққа жанаспайды», — деді журналист.

Оның айтуынша, қолында компанияның қарызы жоқтығын растайтын құжаттар болса да, ол жалған ақпарат таратуды жалғастырған.

аталған ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

«Мен ақпараттың шынайылығы, объективтілігі мен бейтараптығы қағидаларын, сондай-ақ “Масс-медиа туралы” заңда көрсетілген журналистиканың негізгі принциптерін елемегенімді мойындаймын. Компания басшылығының қатысуымен маған “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС-нің “Ремстрой-1” ЖШС алдында қарызы жоқ екенін дәлелдейтін құжаттар көрсетілді. Соған қарамастан, мен жалған ақпарат жариялауды тоқтатпадым. Осылайша, жаңа оқырман жинап, аудиторияның қызығушылығын арттырмақ болдым. Салдарынан бұл жарияланымдар “ВД Строй-Инжиниринг” ЖШС-нің және оның құрылтайшыларының құқықтарына, заңды мүдделеріне әрі іскерлік беделіне нұқсан келтірді. Мен бұл ісіме шын жүректен өкінемін және ресми түрде кешірім сұраймын», – деп жазды журналист.

Сондай-ақ автор бұл жарияланымдардан зардап шеккен немесе жаңсақ пікір қалыптастырған аудиториясынан да кешірім сұрады.

Журналист осылайша, қылмыстық кодекстің 274-бабында көзделген, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылатын норманы бұзғанын түсініп, мойындады. Сондай-ақ бұл ісі үшін өкінетінін жеткізді. Ол өз әріптестерін кәсіби стандарттарды қатаң сақтауға және ақпаратты тексеруге немқұрайлы қарамауға шақырды.

Еске салайық, 21 наурызда Омарованы көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында үйқамаққа алынғаны белгілі болды. 13 мамырда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов журналистің ісі жақын арада сотқа жолданатынын хабарлаған еді. 20 мамырда Омарованың үйқамақ мерзімі ұзартылғаны туралы ақпарат жарияланды.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button