Түркістанда 5 жасар қызды ит талап тастады

Түркістан облысының Ескі Иқан ауылында бес жасар қызға ит шабуылдады. Бала бетінен ауыр жарақат алған.
Оtyrar.kz арнасының хабарлауынша, оқиға күндіз болған. Анасының айтуынша, қызы ауылдағы басқа балалармен ойнап жүрген кезде қаңғыбас ит тап берген. Зардап шеккен бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған.
Дәрігерлердің мәліметінше, ит қыздың бет тұсынан қатты тістеген. Балаға ота жасалғанымен, бетінде тыртық қалуы мүмкін. Сонымен қатар, құлаған кезде басынан да жарақат алған.
Қазіргі уақытта қыздың жағдайы тұрақты, қажетті ем қабылдап жатыр.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауылда қаңғыбас иттердің шабуылынан зардап шеккендер көп.
Сауран аудандық әкімдігі шабуыл жасаған итті іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бір ит ұсталып, зертханаға жіберілген. Ал Ескі Иқан ауылындағы оқиға бойынша полиция жануардың иесін анықтауға кіріскен.
Ауданда биыл қаңғыбас иттерді аулау жұмыстарына 6,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері 50-ге жуық ит ұсталған.



