Қоғам
Тренд

Атыраудағы қанды қылмыс: Ақбаянның кісі өліміне қатысы жоқ болып шықты

Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот 18 мамыр күні сағат 11:00-де өтеді. Іс ашық форматта қаралады.

Атырау облысына қарасты Жангелдин ауылында бір отбасының өліміне қатысты резонанстық іс бойынша тергеу аяқталды.Тергеу барысында көз жұмған отбасы мүшелерінің қызы әрі қарындасы, сондай-ақ Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның кісі өліміне қатысы жоқ екені анықталған.

«Оның кісі өлтіру оқиғасына қатысы болмағандықтан, өзіне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелген. Алайда оған әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева бұл іс бойынша күдікті ретінде танылмаған. Оған қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмады», – деді Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбек.

Осылайша қазіргі таңда іс бойынша жалғыз күдікті ретінде Сұлтан Сәрсемәлиев қалып отыр.

Оның әрекеттеріне құқықтық баға психикалық жағдайына толық сараптама жасалғаннан кейін берілмек.

«Сараптама қорытындысы дайын деген ақпарат алдық. Бірақ бізге әлі келіп түспеді. Қорытынды алынғаннан кейін жан-жақты зерттеледі. Қажет болса қосымша сараптама тағайындалады, – деді облыс прокурорының көмекшісі.

Яғни оның әрекетіне құқықтық баға психикалық жағдайы толық анықталғаннан кейін беріледі.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, Ақбаян Мұқанғалиева Алматыдан Атырауға оралып, қазір облыстық психиатриялық орталықта жатыр.

Ал төрт адамның өліміне күдікті деп танылған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот 18 мамыр күні сағат 11:00-де өтеді. Іс ашық форматта қаралады.

Бұған дейін полиция бұл іс бойынша ерлі-зайыптылардың мәйіті шаруашылық қорасынан табылған болатын. Негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін мойындап, қазір тергеу изоляторында отыр. Іс жақын уақытта сотта қаралады.

Тергеу барысында қосымша эпизодтар да анықталған. Күдікті қылмыстан кейін марқұмдардың мүлкін сатып, олардың банк карталарынан ақша шешіп алған. Осы фактілер бойынша ұрлық және алаяқтық баптарымен бөлек істер қозғалған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button