
Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы бірнеше ауылда қатты бұршақ жауып, үйлер мен көліктерге зақым келді.
Қолайсыз ауа райының салдарынан электр бағаналары құлап, тұрғындар кеше кештен бері жарықсыз отыр.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, 7 мамыр күні кешкісін жауып өткен бұршақ түйіршіктерінің көлемі тауық жұмыртқасындай болған.
Әсіресе Шеңбертал және Жарма ауылдары қатты зардап шеккен. Жергілікті тұрғын зақымданған шатырлары мен көліктерінің видеосын желіде бөлісіп жатыр.
«7 мамыр күні шамамен кешкі сағат 18:00-де маған бұршақ салдарынан сегіз электр бағанасы құлағаны хабарланды. Жарма тұрғындары электр қуатынсыз қалды. Энергетиктер оқиға орнына бірден жетті. Қалпына келтіру жұмыстары әлі жалғасуда», – дейді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.
Ауданда табиғи апаттан келген шығынды есептеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін ғана зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсетіле ме, жоқ па белгілі болады.
Әкімнің айтуынша, аудан билігі ірі бұршақ түсуі мүмкін екені туралы алдын ала ешқандай дауылды ескерту алмаған.



