«Жемқорды абақтыда асырау – бюджетке салмақ»: депутат жазалау жүйесін өзгертуді ұсынды
Кейбір жемқорлар мемлекеттен миллиардтап жымқырғандарын қайтармай, бірнеше жыл түрмеде отырып шығуды «тиімді сауда» деп көреді.

Қазақстан қоғамында жемқорлықпен күрес мәселесі тек қамаумен шектелмеуі тиіс. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай түрмедегі жүктемені азайту үшін айыппұл жүйесін тиімді пайдалануды ұсынды.
Депуттатың айтуынша, жалпы қаржы саласына қатысты қылмыстың сипатын жемқорлық және опасыздық деп бөлу керек. Яғни жаза тағайындаудан бұрын екеуінің аражігін ажыратып алған жөн.
«Кез келген жемқорлық әрекетіне бірдей қарауға болмайды. Ол қылмыстың сипатына қарай екі түрлі жазалау үлгісін қолдану керек. Мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келтіретіндер яғни жемқорлық мемлекетке опасыздық жасаумен ұштасып, елдің стратегиялық мүдделеріне соққы берсе, ондай қылмыскерлер міндетті түрде қатаң мерзімге бас бостандығынан айырылуы керек. Бұл – талқыланбайтын мәселе. Ал Шаруашылық қателіктері мен қаржылық олқылықтар айыппұлмен шешілу керек. Мәдениет немесе басқа да әлеуметтік сала басшылары бухгалтерлік есептегі шикіліктер үшін жауапты болып қалатын жағдайлар жиі кездеседі. Мұндайда адамның қоғамға физикалық қауіптілігін ескеру қажет», — дейді ол.
Жарқынбек Амантайдың айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі түзеу мекемелеріндегі 41 мың орын жүз пайызға толып отыр. Қаржыны тиімсіз пайдаланған адамды жапапй түрмеге жабудан мемлекет зиян көріп отыр. Біріншіден, мемлекет қазынасынан ұрланған ақша қайтарылмай қалуы мүмкін. Екіншіден, сол қылмыскерді абақтыда ұстау, тамақтандыру және күзету үшін мемлекет жылдар бойы тағы да шығындалады.
«Ол қоғамға қауіп төндіретін қанды қол қарақшы емес. Сондықтан оны түрмеде асырап отырғанша, еңбекке салып, мемлекетке келтірілген шығынды бірнеше еселетіп қайтарту әлдеқайда тиімді», – дейді депутат.
Түрме – жазадан жалтару құралы ма?
Депутат бүгінгі жүйенің бір кемшілігін ашық көрсетті. Кейбір жемқорлар мемлекеттен миллиардтап жымқырып, соның бір бөлігін ғана қайтарады немесе мүлдем қайтармай, бірнеше жыл түрмеде отырып шығуды «тиімді сауда» деп көреді. Олар үшін абақтыда өткен уақыт – ұрланған қаржыны «заңдастыру» секілді көрінуі мүмкін.
«Мемлекет бұл жерде бәрібір ұтылып отыр. Біз нақты есеппен қарауымыз керек. Жемқорлық анықталды ма – оның мойнына шығынды еселеп ілу қажет. Сонда ғана мемлекет пайда көреді және түрмедегі жүктеме азаяды» – деп түйіндеді сөзін Жарқынбек Амантай.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



